Нобель сыйлығы қалай пайда болды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нобель сыйлығы қалай пайда болды?

25.10.2015
Нобель сыйлығы қалай пайда болды?

1890 жылы швед өнертапқышы әрі кәсіпкері Альфред Нобель  қоғамның дамуына үлес қосқандар  үшін сыйлық тағайындайтынын хабарлаған.  

Ал, өмірінің соңғы жылдарында Нобель  бірнеше өсиетнама жасаған. Онда туыстарына қалатын мирасты  азайтып, Стокгольмдегі Ғылым академиясы алатын қаржыны көбейткен.

Өз заманында ауқатты адамдардың бірі саналған Альфред Нобель егер адам баласына қомақты қаржы мұраға қалатын болса, ол ақымақтыққа апаратынын айтқан.

Миллионер соңғы өсиетін 1895 жылы 27 қарашада жасаған.  Ал, туыстары оның мазмұнымен 1897 жылдың қаңтарында танысқан. 

Оларды құжат мәтіні қатты  таңғалдырған. Себебі Нобель жақын туыстарына аз ғана ақша қалдырып, қалған капиталын 5 бөлікке тең бөлген.

Альфред Нобельдің өсиетіне сәйкес сыйлық:

  • Физика саласындағы ең маңызды жаңалық  немесе өнертабысқа;
  • Химия саласындағы аса маңызды жаңалық үшін немесе жетістіктерге;
  • Физиология және медицина саласындағы маңызды жаңалықтар үшін;
  • Әдебиет саласындағы үздік шығармаға; 
  • Әлемде бейбітшілікті күшейтуге іс-әрекеті үшін беріледі.

Кейіннен Швед банкінің бастамасымен тағы бір Нобель сыйлығы тағайындалған. Ол – экономика саласындағы жетістігі үшін беріледі. Сондай-ақ, Нобельдің өсиетінде үміткерлердің ұлтына қарамай, сыйлықты лайықты адамға табыстау керектігі көрсетілген.

Нобель сыйлығының негізін қалаушы қайтыс болғанда оның байлығы 30  миллион швед кронына бағаланған. Туыстары 1 миллион, достары мен қызметкерлері 500 мың алған. Ал, қалған ақша  Нобель сыйлығының қорына салынған.

1900 жылдың 20 маусымында  Швеция патшасы қордың жарғысын жасаған. Қаражат табысты кәсіпорынға, арнайы қарыздарға  жұмсалған.  Олардан түскен кіріс жыл сайын Нобель сыйлығының лауреаттарына  сыйақы төлеуге мүмкіндік берген.  

Лауреаттарды марапаттау рәсімі Альфред Нобельдің қайтыс болған күні – 10 желтоқсанда ұйымдастырылады.  Алғашқы рәсім 1901 жылы өткен.

Нобель сыйлығының иегерлері неміс физигі В. Рентген, Голландия химигі  Я. Вант-Гофф, Германия микробиологы  Э. фон Беринг, француз ақыны  Р. Сюли-Прюдом атанған. Ал, бейбітшілік сыйлығын Қызыл Крест халықаралық комитетінің негізін салушы швейцар А.Дюнанға берілген.  

Сыйлық математиктерге берілмейді. Себебі Нобельдің пікірінше, марапатқа лайықты  жаңалық немесе өнертабыс  адамдарға пайдалы болуы керек. 

 

ФОТО: news.gazeta.kz

Хабарламаларға жазылу