Н.Назарбаев Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдады

13.10.2015
Н.Назарбаев Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдады

Кездесу барысында А.Сәрінжіпов Мемлекет басшысына білім беру жүйесінің дамуы және жаңа оқу жылына орай жүргізілген дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы дағдарысқа және бюджет шығыстарын мәжбүрлі азайту шараларына қарамастан, білім беру саласына бөлінетін қаражаттың қысқартылмайтынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі мекемелер инфрақұрылымын мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі негізінде дамыту қажеттігін де атап көрсетті.

Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесін көтерудің  және еңбекақы өсімін оның біліктілік деңгейімен байланыстырудың маңыздылығын айтты.

Қазақстан Президенті орта білім саласында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізіндегі жаңартылған білім беру үдерісіне көшу жөн екеніне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев кадр даярлау мәселесіне жұмыс берушінің араласуы аясын кеңейтуді техникалық және кәсіптік білім берудің негізгі бағыты ретінде атады.  Сонымен қатар ғылым саласында зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізу ісіне ден қойылуы тиістігі атап өтілді.

А.Сәрінжіпов оқу үдерісін ұйымдастыруға байланысты қазіргі ахуал жөнінде баяндап берді.

«Биыл елде 7,5 мыңнан астам мектеп 2,6 миллион оқушыға есігін ашты. Бірінші сыныпқа 345 мың оқушы барды, бұл былтырғы оқу жылынан 15 мыңға артық. 2015 жылы 173 мектеп пайдалануға берілді, 250-іне күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық мектеп оқулықпен қамтамасыз етілді», – деді Білім және ғылым министрі.

А.Сәрінжіпов балалардың мектепке дейінгі білім беру бағдарламасымен қамтылуы 84 пайызға жеткенін, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 30 пайыз болғанын айтты.

Сондай-ақ, педагогтардың білімін жетілдіру және экономика үшін қажетті мамандар даярлау мәселесі де қарастырылды. 

«Соңғы екі жылда 123 мың мұғалім түрлі білім жетілдіру курстарынан өтті. Биылдан бастап озық 10 колледж бен 10 жоғары оқу орнында мақсатты түрде индустрияландыру бағдарламасы үшін кадр даярлау ісі қолға алынды», – деді А.Сәрінжіпов. 

Хабарламаларға жазылу