Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында аралас жекпе-жектен Әлемнің екі дүркін чемпионы, Қазақстанның Джуи-джитсудан екі дүркін чемпионы, және көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы Бейбіт Құттықожаұлы Назаров қонақта болды. Ол аралас жекпе-жектен Әлем біріншілігінде өзінің «Алтын белбеуін» екінші рет қорғады.
«Алғашында толқыдым. Себебі басты жекпе-жек менікі болды. Менен бұрын рингке шыққан бауырларым жеңіліп қалды. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, бәрі маған сенім артты», - дейді ол.
Енді желтоқсан айында Жапонияның Токио қаласында өтетін шараға қатыспақ.
Сондай-ақ, сұхбат барысында шәкірттері туралы әңгімеледі.
«Менің 60-қа жуық шәкіртім бар. Жарысқа шыққан балалар да менің шәкірттерім. Олардың арасында Әлем чемпионы, Қазақстан чемпиондары бар. Балаларды 13-14 жастан бастап қабылдаймыз. Одан кіші балалар күрес немесе боксты меңгеруіне болады. Негізі, баланың икеміне қарай 5-6 жастан бастап спортқа баулыған дұрыс», - дейді Бейбіт Назаров.
Айта кетейік, Бейбіт Назаров италиялық қарсыласы Massimo Capusello-ны алғашқы секундтарда-ақ ауыр соққының астына алып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.