Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайында өткен шарада «2015 жылдың ең үздік мұғалімі» атағын Талдықорған қаласының № 10 мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі Зарина Түсіпжанова жеңіп алды.
Жеңімпазға жаңа жеңіл автокөліктің кілті табыс етілді. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.
Облыс басшысы А. Баталов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтай келе, облыстың білім беру саласына зор мән берілуі мемлекет қолдауының арқасында екендігін атап өтті.
«Облыстың 737 жалпы білім беру мекемелерінде 34 мыңнан астам ұстаз оқушыларға білім беруде. Тәуелсіздік алған жылдан бері облыс аумағында 162 білім ошағы іске қосылды. Соңғы жылдары үздік мұғалімдер өздерінің лауазымдық еңбекақыларына 30-дан 100 пайызға дейін үстемеақы алады», - деді Амандық Баталов.
Сондай-ақ А.Баталов облыстың білім саласын қаржыландыру көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқандығын, бүгінде 109 миллиард теңгеден асқандығын айтып, ұстаздарды мерекелерімен құттықтады.
Осыдан кейін үздік ұстаздар Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен, Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ бірнеше аталымдар бойынша үздік мұғалімдер мен білім беру нысандары марапатталды, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Үздік балабақша» атағына Қапшағай қаласының «Гүлдер» мектепке дейінгі білім беру мекемесі, «Үздік ауылдық мектеп» атағына Жамбыл ауданындағы шағын орталығы бар Үмбетәлі атындағы орта мектеп, «Үздік кәсіптік білім беру мекемесі» атағына Талдықорған агро-техникалық колледжі лайық деп танылды. Барлық 3 номинация иегерлерінің әрқайсысына 300 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
«Үздік сынып жетекшісі» атағын Кербұлақ ауданының Ж.Тобаяқов атындағы орта мектебінің мұғалімі Бұджібаев Дәулет иеленіп, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. 15,9 миллион теңге көлеміндегі оқу гранты мен «Үздік білім ұжымы» атағы Ескелді ауданындағы Жетісу орта мектебіне берілді.