Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің санитарлық жағдайы мен абаттандыру жұмыстарымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің санитарлық жағдайы мен абаттандыру жұмыстарымен танысты

18.09.2015
  Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің санитарлық жағдайы мен абаттандыру жұмыстарымен танысты

Ол негізінен жол жиектері мен жүргіншілер жолдарын тазалаумен айналысатын «Алматы тазалық» МҚК-ның жұмыс базасымен, өнідірістік орындарымен танысты. Кәсіпорын түнгі уақытта жолдарды тазалаумен айналысады. Ал қыс кезінде жауған қардан жолдарды тазартып, көктайғақ болдырмау үшін құм қосындыларын төгеді.

«Алдағы қыс маусымына біз дайынбыз. Қыс суық әрі қарлы болса да, техника да жеткілікті. Біз Алматының тек негізгі көшелерін ғана емес, барлық аудандар мен өзге де жерлерді тазартуға тиіспіз. Жалпы, тазарту көлемі барынша ауқымды болғаны жөн. Өзіне бекітілген учаскені дұрыс тазаламаған компаниямен жасалған келісімді бұзу қажет», - деді Бауыржан Байбек.

Қала басшысы «Тәртіп» АҚ өндірістік базасымен танысқан соң, қаладағы қоқыс төгетін ыдыстарды және қолда бар техниканы жаңартуды тапсырды.

Б.Байбек қаланың барлық аудандарында көгалдандыру жұмыстарын кеңінен қолға алуды тапсырды. Ол Республика сарайы алдында жұмыс істемей тұрған субұрқақты да көріп, мәселені шешуді бұйырды.

Қаланы аралаған әкімге «Сайран» өзенін қайта жасау бойынша жоба-сметалық құжаттары қолға алынғандығы және қауіпсіздікке ерекше мән берілетіндігі айтылды. Жоба аясында су арнасы нығайтылып, гидротехникалық арналар  жаңартылады, Төле би көшесінің солтүстігіне қарай Үлкен Алматы өзенінің жағалауы абаттандырылады. Бұл жұмыс биылғы жылдың күзінде басталмақ. Бәсеке нарығы мен бизнесті дамыту мақсатында жаңғырту жұмыстарын жеке меншікке беру жоспарланған. 

Қала әкімі қаладағы апатты ағаштарды бұтау жұмыстарын да бақылап көрді, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Алматы жасыл қала, заңсыз кесілген ағаш үшін берілетін жаза қатаң болуы тиіс, кесілген ағаштардың орнына жаңасы отырғызылуы тиіс. Сонымен қатар, бұл мәселеде қоғамдық мониторингті күшейткен жөн», - деді Б.Байбек.

Shangrila мейрамханасы бойынша Б.Байбек қаланың жасыл қорын қалпына келтіруі жөніндегі мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Мейрамхана кесілген бес теректің орнына 50 жаңа жапырақты ағаш отырғызуы тиіс.

Хабарламаларға жазылу