Жансая Әбдімәлік шахматтан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлде иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жансая Әбдімәлік шахматтан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлде иеленді

16.09.2015
Жансая Әбдімәлік шахматтан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлде иеленді

Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында шахматтан жасөспірімдер арасындағы (20 жасқа дейін) Әлем чемпионаты аяқталды. 13 турға созылған әлемдік додада қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік қола жүлде иеленді.

15 жастағы гроссмейстер отандасымыз 7-ші турға дейін жеңілмей, тек 8-ші ойын күні ғана тағы бір қазақстандық гроссмейстер Динара Садуақасовамен тең түсті. Ал, 9-шы турда беларусьтік Анастасия Зезюлькинамен тең ойнады.

Финалдық, яғни 13-ші жарыс күні 1-ші орында 9,5 ұпай жинаған украиналық Наталья Букса тұрған. Жансаяның одан жарты, ал Динараның 1 ұпайы кем еді.  

Сонымен соңғы турда Динара Садуақасова ирандық Дорса Дерахшанимен тең түсті. Ал, ресейлік Алина Бивол германиялық Филиз Османодианы ұтып, 9,5 ұпай жинады да Буксаны қуып жетті. Көшті бастап тұрған украиналық қыз болса тартысты ойында әзірбайжандық Гюнай Маммадзадамен тең тарқасты. Біздің Жансая ресейлік Александра Макаренкомен ұпай бөлісті.

Нәтижесінде әлемдік додада 10 ұпай жинаған Наталья Букса Украина еліне алтын жүлде әкелді. Ресейлік Алина Бивол мен қазақстандық Жансая Әбдімәлік 9,5 ұпай иеленді, алайда қосымша көрсеткіштер бойынша ресейлік шахматшы 2-ші орынға көтерілді. Ал, Жансая қола медаль жеңіп алса, Динара Садуақасова 9 ұпайымен төртінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар, тағы бір шахматшымыз Бибісара Асаубаева 6,5 ұпай жинап, 24-ші орыннан көрінді.

 

Хабарламаларға жазылу