Астанада «Асыл Мирас» аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашылды (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Асыл Мирас» аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашылды (ФОТО)

16.09.2015
Астанада «Асыл Мирас» аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталық ашылды (ФОТО)

Бүгін Астанада аутизмге шалдыққан балаларға арналған жаңа орталық ашылды. Орталықтың тұсаукесеріне Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» жекеменшік қайырымдылық қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман, «Ашық әлем» қоғамдық қорының президенті Әлия Арқарова, «Асыл Мирас» қорының директоры Марат Айтмағамбетов қатысты.

Ал, орталықтың лентасын қиюға ақын Олжас Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бірінші орынбасары Салидат Қайырбекова қатысты.

23 маусымда Алматыда осы дертке шалдыққан балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсететін орталықтар желісін ашуға бастама берілген болатын. 2016 жылы мұндай орталықтар Қызылорда және Өскемен қалаларында іске қосылмақ.

Орталықты Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» жекеменшік қайырымдылық қоры «Аутизм. Әлем барлығы үшін ортақ» бағдарламасы шеңберінде ашып отыр.

Аталмыш орталықта әр баланы оңалту курсы 6 айға созылады, осы кезең ішінде мамандардың толық диагностикасынан өткеннен кейін 90 балаға кешенді көмек көрсетеді.

«Асыл Мирастың» барлық орталықтары аутизмді коррекциялайтың екі әдістемеге негізделген бірыңғай коррекциялық бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Біріншісі  баламен бірге оның әлеуметтік-коммуникативтік және танымдық, сөйлеу сферасымен және күнделікті өмірде қажетті дағдыларымен жұмыс жасауды көздейтін классикалық әдістеме.

Кішкентай баламен бір уақытта төрт маман – психолог, дефектолог, логопед және әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Жұмыс жасау кезінде қолданылатын екінші әдістеме – бұл «ABA терапия». Ол сөйлеу дағдылары мен жүріс-тұрыстағы негізгі дағдыларды бағалауға құрылады. Бұл үшін әрбір балаға арнап жеке педагог қарастырылған және кішкентай аутист меңгеруі тиіс 544 дағдыға негізделген жеке бағдарлама дайындалады.

Ерте кезеңдегі диагностиканы, кәсіби оңалту бағдарламаларын және әлеуметтік интеграцияны енгізу Қазақстандағы ерекше балалардың өмір сапасын көтеруге бағытталған. Айта кету керек, барлық орталықтар тегін қызмет етеді.

Хабарламаларға жазылу