Түркия Президенті кезектен тыс сайлау өтетіндігін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия Президенті кезектен тыс сайлау өтетіндігін жариялады

22.08.2015
Түркия Президенті кезектен тыс сайлау өтетіндігін жариялады

Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған кезектен тыс Парламент сайлауының 1-қарашада өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Сайлау өткенше елде уақытша үкімет жасақталады, қажет болған жағдайда оның құрамына бүгінгі парламенттің құрамында жоқ саясаткерлер енгізілетін болады.

Агенттіктің жазуынша, Ердоған алдағы аптаның басында Түркияның Премьер-Министрі Ахмет Давутоглыға уақытша министрлер кабинетін құру туралы ұсыныс жасайды.  

Мұндай шешім оппозициялық партия өкілдерімен уақытша үкімет құру туралы  бір аптаға созылған  нәтижесіз келіссөздерден соң қабылданды.   

Естеріңізге сала кетейік, ел Премьер-Министрі Ахмет Давутоглы Мемлекет башысы Реджеп Тайып Ердоғанға үкімет жасақтауда сәтсіздікке ұшырағандығын ресми мәлімдеген болатын.  

9-шілде күні Ердоған Премьер-Министрге жаңа үкімет құруды тапсырды. Министрлер кабинетін құру уақыты 23 тамыз күні аяқталады. 

Хабарламаларға жазылу