Абайдың қара сөздері – көркем әңгіме емес, ғақлиялық даналық сөздер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың қара сөздері – көркем әңгіме емес, ғақлиялық даналық сөздер

10.08.2015
Абайдың қара сөздері – көркем әңгіме емес, ғақлиялық даналық сөздер

Ұлы Абайды Ахмет Байтұрсынов:  «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ», десе, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы- заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр»,-деп бағалаған.

Абай – ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.

Ол Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Абай    Құнанбаев – 1845  жылы   бұрынғы   Семей   уезі, Шыңғыс   болысында   (қазіргі       Шығыс   Қазақстан   облысы, Абай   ауданында) дүниеге  келген. Абайдың әкесі Құнанбай   Қарқаралы   уезіне   аға сұлтан болған.

Абай әуелі ауылда Ғабитхан деген татар молдасынан мұсылманша   хат   таниды.      Абайды   әкесі   он   жасында   Семей   қаласындағы   Ахмет  Ризаның   медресесіне   оқуға береді.  

Ол   бос   уақытында Шығыстың ұлы ақындары Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Навои, Физули, Фирдоуси шығармаларын өз бетімен оқып, ертегі, дастан, хисса сияқты әдеби мұралармен танысады.

Абай медреседе небәрі үш-ақ жыл оқиды, соңғы жылдары өз бетімен «приходская школаға» түсіп, орысша да оқиды. Бірақ мұндағы оқу ұзаққа бармайды. Жасы 13-ке келіп, ерте есейіп, ақыл-ойы тола бастаған шақта өткір, зейінді Абайды әкесі Құнанбай ел билеу ісіне араластырып тәрбиелемек болып, оны оқудан елге алып кетеді.

Әкесінің жұмсауымен Абай ел ішіндегі әр түрлі мәселелерге араласады. Ол көптеген ескі әңгімелерді, өлең-жырларды халық ішінен үйренеді.

Қаладағы медреседе үш жыл діни оқу арқылы Абай араб, парсы, шағатай тілдерін жетік біліп, Шығыс ақындарының шығармаларымен танысуға мүмкіндік алды. Қазақтың халықтық өлең-жырларын, ертегі, қисса, аңыз-әңгімелерін  әжесі   Зере   бәйбішеден,   халық   ақындары   Шөже, Бөйкөкше, Балталардан естіп, жастай жадында сақтады.

1860 жылдардың аяғында Абай өзінің білімінің таяздығын сезініп, Семей қаласындағы Гоголь кітапханасына келіп орыс, Батыс классиктерінің шығармаларын өз бетінше ізденіп оқи бастайды.

Осы кітапханада Л. Н. Толстойдың шығармаларын оқып отырған Абай Петербург университеті студенттерінің саяси ереуіліне қатысқаны үшін жер ауып келген   жаратылыстанушы   ғалым   Е. П. Михаэлиспен  кездесіп, танысады, кейін олар айырылмас дос болып кетеді.

Михаэлис орыстың ұлы классиктері Пушкин, Толстой, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин, Некрасовтармен қатар революционер-демократ ағартушылар Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Еуропаның ұлы ақын-жазушылары Шекспир, Байрон, Гёте, А. Дюмалардың, философтар Сократ, Платон, Аристотель, Спенсер, Дарвин, т. б. еңбектерін оқуға кеңес береді.

Бұрын қолына түскен кітапты оқитын Абай енді орыс, Батыс ғалымдары мен ақын-жазушылардың еңбектерін белгілі мақсатпен жүйелеп оқуға көшеді. Абайдың: «Дүниеге көзімді ашқан — Михаэлис» деуі осыдан туындаған.

1880 жылдары Михаэлис аркылы ол Долгополов (антрополог), Леонтьев (адвокат) сиякты Ресейден жер ауып келген демократтармен достасады. Олар жаз айларында Абайдың аулына келіп, қазақ өмірімен танысады.

Абай бұлардың әсерімен Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділерді, Лермонтовтың «Бородино», «Теректің сыйы», «Демон», «Жалау», «Жартас», т. б. ондаған өлеңдерін, Крыловтың «Қазаға ұшыраған қара шекпен», «Шегіртке мен құмырсқа», «Бақа мен өгіз», «Піл мен канден», «Есек пен бұлбұл», т. б. мысалдарын аударады. Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін орысшасынан (Лермонтов) аударып, ән де шығарады.

Абай орыс, Батыс классиктерінің шығармаларын аударуда олардың өршіл бостандықты аңсаған «Бородино», «Қанжар», «Жалау» сияқты өлеңдері мен әділетсіздікті, топастықты әшкерелейтін мысалдарын таңдап, талғап аударған.

Абай XIX ғасырдың 90-жылдары өзінің ой-толғаныстарын қара сөздермен жазған. Өз шығармасын қара сөзбен жазудың публицистикалық түрінің негізін қалаушы Шоқан болса, көркем қара сөз қазақтың көркем жазба әдебиеті тарихында Ы. Алтынсариннен басталады. Одан әрі қарай дамытушы Абай болды.

Абайдың қара сөздері – көркем әңгіме емес, ғақлиялық даналық сөздер. Онда ғылыми философиялық толғаныстар кең орын алған. Абай қара сөздерді жазуға зор дайындықпен келген.

Ол бұл еңбектерін діни сопылық-теологиялық ғылымды да, жаратылыс заңдарын ашқан Галилей, Коперник, Спенсер, Ньютон, Пифагор, Дарвин еңбектерін де, ертедегі философ ғылымдар Сократ, Аристотель, Платон шығармаларын да, Шығыстың ойшылдары — Фирдоуси, Шамси, Қожа Хафиз, Бабыр, т.б. еңбектерін де оқып, ақыл-парасаты әбден толықсыған шағында жазуға кіріскен. Ол қара сөздердегі келтірілген терминдік атаулар мен сілтемелерден немесе ой-пікір үндестігінен байқалады.

Абайдың қара сөздерінің өзіндік ерекшелігі бар. Сөйлемдері қысқа, мағынасы терең, оқушыға ой саларлық, ғибрат беруді көздей құрылған. Көпшілік қара сөздерінде философиялық сұрау беріп, сол сұрауға өзі жауап беруге тырысады. Немесе өзімен-өзі кеңесу, ой-пікір білдіру үлгісінде құрылады.

«Қара сөздер» Абайдың соңғы туындылары қатарына жатады. Себебі, 1900-1904 жылдары арасында жүрек ауруының асқынуы салдарынан ұлы ойшыл өндіріп көп еңбек жаза алмаған. Сөйтіп, ол 1904 жылы 23 маусымда 59 жасында дүниеден қайтты.

Хабарламаларға жазылу