Абайдың қара сөздері поляк тіліне аударылды

25.04.2014
Абайдың қара сөздері поляк тіліне аударылды

Поляктар Абайдың қара сөздерін өз тілдеріне аударды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің студенттері - Польшалық аудармашы Хенрих Янковскиймен және Түркия, Қытайдан келген ғалымдармен кездесті.
  
 Стамбул Мемлекеттік Университеті мен Бейжің Ұлттар Университетінен келген ғалымдар түркологияға байланысты лекциялар оқыды. Яғни, ескі түркі жазбалары жайында Қытай архивтерінен деректер келтірді.
  
 Сондай-ақ, орта түркі жазба-ескерткіштері турасында, жалпы түркілерге ортақ кітаптардың құрылымы, мәтіндері туралы көптеген мәліметтер айтылды.
  
 Ал, студенттер тарапынан қойылған сұрақтар көбіне Абайдың қара сөзін поляк тілінде сөйлеткен аудармашыға бағытталды. 2013 жылы бірнеше данасы ғана жарық көрген кітап әлі сатылымға шықпаған. Бұқара оқырманға шығару алдағы уақыттың еншісінде. 
  
 Хенрих Янковский Абайды аудару қиынға соққанын және сол бір жылдың ішінде ұлы ғұламадан алған ұлағатының көп болғанын айтты.
  
Хенрих Янковский, Польша мемлекеті А.Мицкевич атындағы университет профессоры, аудармашы:
Оңай болған жоқ. Абайдың сөзі тілі оңай емес, көп нәрсе тұспалдап айтылады. Тілі де ескі, телегей теңіздей бай. Абайды аударғанда, оқығанда мен байып келдім деуге болады.
 
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу