Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық акция аясында астаналықтардан екі мыңнан астам қару өткізу туралы өтініш түскен. Бұл туралы Астана қаласының Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасында хабарланды.
«Астаналықтар 2,5 мыңдай қару өткізді. Оның ішінде 900-ден астамы – оқпаны жоқ травматикалық қару, 1400-ден астамы – газды-травматикалық қару»,-делінген мекеме хабарламасында.
Комиссия тұжырымы бойынша, 87 миллион 391 мың теңге төлемақы бөлінген. Бүгінде 1,5 мың астаналық тұрғынға 77 миллионнан астам төлемақы берілген.
Полиция мекемесінде өткізілген әр қаруға мемлекет тарапынан өтемақы төленетіні туралы айтылды. Қаруды өткізу және рәсімдеу қалалық, аудандық ішкі істер органдарында жүзеге асырылады.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап травматикалық қаруды заңсыз ұстаған, біреуге бергендер, пайдаланғандар және сақтағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.