Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында жастар құқықтық сауаттарын жетілдіруде

Қарағанды облысында жастар құқықтық сауаттарын жетілдіруде

Қарағанды облысында 15 мыңнан астам студент пен оқушы «Жастар – заң мен тәртіптің тірегі» форумына жиналды. Мақсат – құқықтық сауаттылықты жетілдіру. Жастардың бір бөлігі іс-шараға офлайн қатысса, өңірдің қала-аудандарындағы қатысушылар онлайн қосылды. Құқық қорғау органдарының өкілдері оларға интернет-алаяқтық, дропперлік, есірткі тарату және қаржы пирамидаларының қауіптері туралы айтып, қылмысқа барған жастардың шынайы оқиғаларын көрсетті.

Сонымен қатар жиналғандарға тың бастамалар да таныстырылды. Соның бірі Қарағанды зерттеу университетінің заң факультетінде ашылған «Болашақ прокурор кабинеті». Мұнда студенттер прокурорлық қадағалаудың қыр-сырын меңгеріп, облыстық прокуратура қызметкерлерінен дәріс алады.
Бағлан Адулахат, Қарағанды облысы прокуратурасының аппарат басшысы:
Мақсатымыз – жастарымыздың құқықтық сауаттылығын, құқықтық мәдениетін арттыру. Аудиторияға пркуротура қызметі туралы кітаптар мен арнайы стендтер қойылды. Алдағы уақытта прокуратураның тәжірибелі қызметкерлерімен қадағалау пәні бойынша сабақтар өткізілетін болады.
Форум ашық пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар сарапшылардың баяндамаларын тыңдап қана қоймай, түрлі ойындар мен пікірталастарға, панельдік сессияларға қатысты. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық қауіптердің алдын алуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Жұлдыз Самиғолла, ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты:
Осы форум бойынша айтқым келгені – өздерінің заңдарын білу және де тану. Менің ойымша қазіргі заманда ең басты мақсат бұл ата-ананың тәрбиесін түсірмеу, білу және де ең басты мақсат Қазақстан республикасын қорғау.


Бөлісу