Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Еңбекші ауылында екі мектеп оқушысы Сұрхан өзенінен жүзіп өтпек болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды azh.kz.
Әйел жол қысқартпақшы болып, судан жүзіп өтпек болған. Алайда, өзеннің ортасына келгенде әрі қарай жүзуге әлі жетпей, батып бара жатқанын сезген соң, айналасындағыларды көмекке шақырады.
Оның айқайын суға шомылып жүрген екі бала естіп, көмекке жүгірген.
Олардың біреуі - жергілікті Еңбекші орта мектебінің 6-сынып оқушысы Ермахан Мадиров, екіншісі - Ганюшкино елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Бейбарыс Қайроллаұлы.
«Балалар ерлік жасады. Олар өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан адамның өмірін құтқарды. Біз әкімдіктен оқушыларға салтанатты түрде алғыс білдіріп, сый-сияпат жасауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта олар каникулға өзге қалаға демалуға кеткен», дейді Еңбекші ауылдық әкімдігінің бас маманы Базарбай Нұрмұхамбетов.