Сол уақытқа топ мүшелері ішінде алғашқы болып Мұрат Құсайынов отау құрады. Достар ақылдаса келе, жас жұбайларға тойға тарту ретінде осы әнді арнаған.
Халық арасында танымал «Жұбайлар жыры» әнінің тарихы туралы оның авторы Мұхтар Шаханов былай дейді: «Біз Әбілахат Еспаев ағамыз екеуіміз әнді «Жұбайлар жыры» деп атауға келістік. Содан кейін оған сөзін жазып берем деп уәде еттім. Алайда, сөзін жаза отырып, әні де бірге шығып кетті. Ертесіне Әбілахат ағаға «сөзімен бірге әнін де жаздым, тыңдап көріңіз, орташа болса өзіңіз аларсыз» дедім. Әнді тыңдаған ағам «Мұндай әнді тура осы тұста мен жаза қоюым екіталай еді. Тамаша, құтты болсын!» деп жылы лебізін білдірді».
Бұл әнді алғаш орындаған Нұрғали Нүсіпжанов пен Зейнеп Қойшыбаева еді. Ал, бүгінде «Жұбайлар жырын» автордың рұқсатымен Алтынай Жорабаева шырқап жүр.