«Қайрат»-«Пафос»: Спорт сарапшыларының болжамы қандай?
Бір сағаттан кейін Алматыда УЕФА Чемпиондар лигасы аясында «Қайрат» пен Кипрдің «Пафос» клубы кездеседі. Екі команда да Еуропалық маусымды сәтсіз бастаған еді. Сондықтан бүгінгі ойын қос құрама үшін де алғашқы жеңісті еншілеп, жағдайын түзеуге мүмкіндік болмақ.
Қуан Нұрақын, тілші:
Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері бұған дейінгі екі ойында Еуропаның алпауыт клубтары «Спортинг» пен «Реал Мадридтен» ұтылған болатын. Дегенмен бүгінгі қарсылас «Пафос» командасы да Чемпиондар Лигасына алғаш рет шығып отыр. Сондықтан «Қайраттың» өз алаңында, өз жанкүйерлері алдында турнирдегі алғашқы ұпайына қол жеткізу мүмкіндігі мол. Кипр чемпионы «Пафос» командасының сапында бүгін қорғаушы Педрао жарақатына байланысты алаңға шықпайды. Қорғанысты Дэвид Луис, Деррик Лукассен және Дэвид Голдар тобы бекітпек. Ал шабуыл шебінде негізгі үміт Андерсон Силваға артылып отыр. Ал алматылық «Қайрат» сапында негізгі қақпашы Александр Заруцкий жарақатына байланысты ойынға шықпайды. Қақпаны Темірлан Анарбеков қорғайды. Шабуыл шебінде соңғы матчтарда тамаша ойын көрсетіп жүрген Дастан Сәтпаевқа үлкен сенім артылып отыр. Танымал спорт сарапшыларының болжамынша, бүгінгі матч тең нәтижемен аяқталуы мүмкін. Бірақ өз алаңындағы жанкүйерлердің қолдауы мен қазіргі жақсы форманың арқасында «Қайраттың» жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Қазір алматылық команданы қолдау үшін стадионға ағылған жанкүйерлер ішке кіріп, жайғаса бастады. Күн жылы, көңіл көтеріңкі, ал атмосфера нағыз футбол мерекесін еске салады. Кімнің шеберлігі басым, кімнің тактикасы мықты екенін 21:35-те «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
