1 маусым - Балаларды қорғау күні қарсаңында Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жетім балаларға 5 000 теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсетеді, деп хабарлайды astana.kz.
Аталған әлеуметтік көмекпен 600-ге жуық адамды қамту жоспарлануда. «Дар» қоғамдық қоры аз қамтылған отбасылардың балаларына киім-кешек түрінде материалдық көмек ұсынады.
Сонымен қатар, бірқатар мекемеде мерекелік іс-шаралар өткізілмек.
Атап айтсақ, Астана қаласы әкімдігінің «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы – баспанасы» КММ балалардың қатысуымен «Ертегі әлемінде» атты көрініс ұсынып, мерекелік концерт пен сайыстар ұйымдастырылады. Балаларға сыйлықтар таратылып, қаладағы ойын алаңдарына экскурсия жасалады.
Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігінің Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде балалардың қатысуымен мерекелік концерт өтіп, сыйлықтар таратылады.