Басты Жаңалықтар «Каспий» футбол клубы Премьер-лигада

«Каспий» футбол клубы Премьер-лигада

Ақтаулық «Каспий» футбол клубы араға 31 жыл салып, Қазақстан бірінші лигасының чемпионы атанды. Спорт маусымын сәтті аяқтап, Премьер-лигаға өткен футболшылардың құрметіне салтанатты шара ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай спортшыларға жетістіктері үшін алғыс айтып, сый-құрмет көрсетті.
Биыл «Каспий» футболшылары үшін жетістікке толы, сәтті жыл болды. «Каспий-Жастар» командасы мен қыздар құрамасы да жақсы ойын көрсеткен. Енді, міне, негізгі құрам 31 жыл үзілістен кейін Премьер-лигаға қайта оралды.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

Сол бюджет, сол тәртіп, сол талап. Бірақ дисциплина бар жерде, тәртіп бар жерде нәтиже көрсетуге болатынын өздеріңіз дәлелдедіңіздер. Премьер-лигада бірінші орын алған кезде мынадай залдың ішіне емес, стадионға жинау керек болады. Көрдіңіз бе, адам сыймай жатыр. Сол күнге жеткізсін.
Биылғы маусымда «Каспий» клубы елдің бірінші лигасында жеңіске жетіп, Премьер-лигаға мерзімінен бұрын жолдама алды. Шешуші сәтте ақтаулық футболшылар қарағандылық «Шахтермен» ойнады. Матч 3:2 есебімен аяқталып, алаң иелері 65 ұпаймен көш бастады. «Ертіс» командасы 58 ұпаймен екінші орын алса, 50 ұпай жиған «Шахтер» үшінші орынға шықты.
Руслан Эсатов, «Каспий» ФК бас бапкері:
Бұл - клубтың инфрақұрылымын дамытып, жас таланттарды қолдауға бағытталған көпжылдық жүйелі жұмыстардың нәтижесі деп білеміз. Жетістігіміз бағаланып жатыр. Сенімді ақтауға тырысамыз.
Айта кетейік, клубтың 2009-2010 жылы туған спортшы қыздары «Жұлдыз Лига ви Дивизион» чемпионатында үшінші орын иеленді. Сондай-ақ осы жылы құрылған «Каспий-Жастар» командасы Батыс конференциясының вице-чемпионы атанған.

Бөлісу