Өмірдің ащы-тұщысын жастайынан тартқан Нұрмолда Алдабергенов тағдырдың талай сынағына төтеп берді. Малшы да, жалшы да болды, білек күшін бұлдамай, кетпен-күрек көтерді, қиын-қыстау заманда қолына қару алып, қан майданға да кірді.
Қанша сынға түссе де, мұқалуды білмеген, қиындықта шыңдалып, еңбегімен ерлеген Нұрмолда Алдабергенов тағылымы халқына – мұра, ұрпағына – ұлағат.
Нұрмолда Алдабергеновтің жетекшілігімен Жетісу өңірінде тұңғыш су электр станциясы салынды. Мұқыры ауылында тұрғын үйлер, орталық мәдениет үйі, сауда орталығы, балалар бақшасы, орта мектеп, аурухана салынып, пайдалануға берілді.
Ол ауыл шаруашылығында егіншілік мәдениетін арттыру және мал тұқымын асылдандыру ісінде ғылым жаңалықтары мен озат тәжірибені өндіріске батыл енгізіп, жоғары өнімге қол жеткізді.
Бүгінде Талдықорған қаласы мен Қарабұлақ ауылының орталық көшелерінің біріне, «Шұбар» мектебіне Н.Алдабергенов есімі берілген.
Бүгін 21:05-те «Айтуға оңай...» хабарынан қоғам қайраткерінің ерен еңбегі туралы толығырақ біле аласыздар.