Алтын Иманбаева: Қазақ радиосының дикторлары алғашқыда «Еңбекші қазақ», «Советская степ» газеттерін эфирде оқып берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтын Иманбаева: Қазақ радиосының дикторлары алғашқыда «Еңбекші қазақ», «Советская степ» газеттерін эфирде оқып берген

04.05.2015
Алтын Иманбаева: Қазақ радиосының дикторлары алғашқыда «Еңбекші қазақ», «Советская степ» газеттерін эфирде оқып берген

1921 жылдың қазанында Орынбордан Қазақ радиосы алғаш хабар тарата бастады. 1927 жылы эфирден қазақша сөз тұңғыш рет естілсе, кейін қазақ тіліндегі хабарлар эфирге тұрақты түрде шығып тұрған.

Бүгін «Таңшолпанда» қонақта болған Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева радионың алғашқы қадамы туралы әңгімелеп берді.

«1931 жылы Алматы қаласында шағын ғана үйде радио студиясы ашылады.  Айтбай  Хангелдин сол радиостудияны басқарған. Ол кісінің естеліктерінде алғашқыда «Еңбекші қазақ», «Советская степ» газеттері эфирде оқылған. Елде болып жатқан жаңалықтармен бөлісіп отырғаны туралы жазба бар. Бірақ, халық ән тыңдағысы келеді. Сонда  Иса Байзақов, Тәмті Ибрагимовалардың дауысы  радиоға жазып алынған.

Бірақ, екі-үш әнші әуе толқынын толтыра алмайды. Содан бүкіл қазақ даласынан әнші іздейді. Сахна саңылақтарына айналып кеткен, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Қанабек Құрманбеков, Шара Жиенқұловалар  радиостудияға келіп, кезекке тұрып, бірінен-кейін бірі ән айтқан.

Уақыт өте келе, радио жанынан балалар хоры, әйелдер хоры, ерлер мен әйелдер хоры құрылады. Одан кейін ансамбльдер қосыла берген»,-дейді Алтын Иманбаева.

«Мұрат Мұсабаев, Венера Қармысова, Зейнеп Қойшыбаева, Люция Төлешова, Суат Әбусейітовтер радионың ішінде жүріп, лирикалық әндерді бір жүйеге, патриоттық әндерді бір жүйеге топтастырып, өздері өңдеп,  «Алтын қорға» өткізген. Бұл туындылар сақтаулы, әлі күнге дейін әуе толқынынан беріліп жүр».

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу