Елордада «Қазақтың үні - Қазақ радиосы» атты салтанатты шара өтті (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Қазақтың үні - Қазақ радиосы» атты салтанатты шара өтті (ФОТО)

28.04.2016
Елордада «Қазақтың үні - Қазақ радиосы» атты салтанатты шара өтті (ФОТО)

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ радиосының 95 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 50 жылдығына орай «Қазақтың үні – Қазақ радиосы» атты шара өтті.

Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, профессор Әділ Ахметов, Сұлтан Оразалин, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Оразкүл Асанғазықызы және т.б зиялы қауым өкілдері, Венгрия елшісі Андраш Барани, Қазақ радиосының ардагерлері мен журналистері, студенттер, радио тыңдармандары қатысты.

Салтанатты кеште Қазақ радиосының директоры Махат Садық радионың қоғамдағы орны, мәдениет пен өнерді дамытудағы рөлі туралы пікір білдірді.

«Қазақ радиосы алғаш болып жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының толық аудионұсқасын дайындады. Елбасының барлық кітабы эфирден оқылды. Сондай-ақ, «Астана-Мәскеу», «Астана-Минск» радиокөпірлері ұйымдастырылуда», - деді Махат Садық.

Қазақ радиосы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов радио ұжымын мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.

«Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде радионың, соның ішінде Қазақ радиосының алар орны ерекше. Осы уақыт ішінде Қазақ радиосы ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, тілімізді насихаттаған елдің көзі болды. Телевизия саласы, Интернет қаншалықты дамыса да, радио өз құндылығын еш жоғалтпайды. Қазақ радиосы мен «Шалқар» ұлттық радиосының мерейтойы құтты болсын!», - деді С.Еңсегенов.

Ал,  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева кітапхана ұжымы атынан Қазақ радиосының ардагерлеріне арнайы сыйлықтарды табыс етті.

Сондай-ақ, басқосуда айтыскер ақын, «Шалқар» радиосының журналисі Нұрмат Мансұров өз арнауын жолдаса, ақын Маралтай Райымбекұлы Қазақ радиосындағы алғашқы хабарын Бауыржан Момышұлына арнағанын айтып, «Сұңқардың соры» өлеңін оқып берді.

Айта кетейік, салтанатты шара аясында кітап көрмесі де ұйымдастырылды. 

Хабарламаларға жазылу