Тұрар Рысқұловтың туғанына – 120 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрар Рысқұловтың туғанына – 120 жыл

26.12.2014
Тұрар Рысқұловтың туғанына – 120 жыл

Бүгін – мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі Тұрар Рысқұловтың туған күні.

Қайраткердің ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың, т.б. әлеуметтік-саяси маңызы бар өндірістік салалардың дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. 

1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, ал, 1910-1914 жылдары Пішпектегі (қазіргі Бішкек) ауыл шаруашылық училищесінде оқиды. Оны бітіргеннен кейін баубақшашы мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Тұрар Меркеде және Ташкент түбіндегі далада жұмыс жасайды.

1916 жылдың жазында ол Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырады, сонысы үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттануының мектебі болды және олардың  алдағы  тағдырын  көп  жағынан  айқындап  берді. 1916 жылы күзде  Тұрар Рысқұлов Ташкенттегі мұғалімдер институтына  түседі.

1917 жылғы революция кезінде патшаның  тақтан  құлағаны жөнінде  хабар алған сәттен бастап, Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуды тастайды, сөйтіп,  Әулиеата  оязындағы  Мерке  ауданына  келеді, онда ол жергілікті  кулактардың «1916 жылғы  көтеріліс  кезінде орыс тұрғындарына зиян  келтірді» деген желеумен, соның орнын толтыру мақсатында, жергілікті  халықтан аса мол контрибуция төлету жөніндегі жоспарын бұзады.  

Еркіндік пен тәуелсіздік үшін жан-жақты күрес жүргізу мақсатында 1917  жылдың басында Әулиеатада Тұрар «Қазақ жастарының революциялық одағын» ұйымдастырды, 1918 жылы ол Әулиеата оязы Совдепі  төрағасының орынбасары қызметін  атқарды. Өзінің  қоғамдық  қызметінің  әу  басынан көшпелі ауылдың жағдайын жақсартумен айналысты.

1918    жылғы қазанда Кеңестердің VI съезінде Т.Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің құрамына кіреді, онан кейін ол Түркістан Республикасының  денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Кейінірек  Түркістан Республикасы ОАК төрағасының орынбасары қызметіне  тағайындалады.  

1919 жылы Тұрар Түркістан ОАК жанындағы аштықпен  күресу  жөніндегі ТК орталық комиссиясының төрағасы, Ферғанадағы басмашылармен күресу жөніндегі комиссия төрағасы болды. Ол  Түркістанды мекен еткен түркі тілдес халықтың  бірегей басшысы  болады. 1920 жылы  Түркістан  Компартиясы ОК-нің мүшесі және  Түркістан АКСР ОАК Төрағасы болып сайланады.

1920 жылы Тұрар Рысқұлов Бакудегі Шығыс халықтарының Бірінші съезінің жұмысына қатысып, сол жылы желтоқсанда РСФСР-дың ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары болып қызмет етеді.

Тұрар Рысқұлов — Қазақ өлкелік комитеті БКП(б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі.

Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Жалғыз ұлы Ескендір де түрмеде қайтыс болған. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.

Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұлов есімі берілген. Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс паркі бар, онда Рысқұловқа ескерткіш қойылған Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген.

Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» (1-2-кітабы), «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған.

Хабарламаларға жазылу