Әлем кубогының төртінші кезеңіндегі жартылай финалда Юлия Галышеваның қарсыластары Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері америкалық Ханна Кирни болған еді. Дегенмен тартысты өткен бұл бәсекеде Галышева қарсыласын артқа тастап, финалдық кезеңге шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Финалдық кезеңде отандасымыздың қарсыласы Сочиде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері канадалық Хлой Дюфур Лапуан болды. Бұл кезеңде де Галышева білгенінен жаңылмай, Әлем кубогының төртінші кезеңінің жеңімпазы атанды.
Еске салайық, Юлия Галышева Сочиде өткен Олимпиада ойындарының жекелей сынында төрешілердің түсініксіз шешімі бойынша жетінші орын алып, финалдық кезеңге шыға алмаған болатын. Кейіннен ол тіпті спортты аяқтаймын деген еді. Алайда, жазда Юлия бұл шешімін өзгертіп, спортқа қайта келді.
Айта кетейік, Рука қаласында өткен Әлем кубогының кезеңі қазақстандық спортшы үшін биылғы маусымның бірінші ірі жарысы. Енді ол әлем кубогінің бесінші кезеңіне дайындалып жатыр.