2015 жылдан бастап мемлекеттік органдардың жоспарлары мен есептерін «электрондық үкімет» порталында жариялау жоспарланады.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте еліміздегі ақпараттандыру жобаларының жүзеге асырылуын талқылау барысында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Компания басшысының айтуынша, қазіргі таңда «электрондық үкімет» инфрақұрылымы арқылы қазақстандықтар әр түрлі 578 қызмет пен сервисті пайдалана алады. Ал, портал іске қосылғаннан бері 77 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, қазіргі таңда порталда 2,6 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген.
Бұдан бөлек, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ әлеуметтік қызметтер ауқымын кеңейтуді де қолға алған. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өз қаражаты есебінен «Е-нотариат», «Техбақылау» секілді әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда. Осының арқасында электрондық нотариат жүйесін іске қосу есебінен 2 жылда нотариат саласында заңсыз әрекет фактілері 50 пайызға қысқарды», - деді Р. Еңсебаев.
Бұдан бөлек, «Ұлттық ақпаратық технологиялар» компаниясы 2015 жылдан бастап ашық бюджет, петициялар мен диалогтар секілді бағыттарды дамытуды жоспарлап отыр.
Бұл Қазақстанда «ашық үкіметтің» дамуына ықпал етеді. Соның аясында «электрондық үкіметте» әр азамат үшін ашық әрі қолжетімді, баға бере алатын мемлекеттік органдардың жоспарлары мен есептерін жариялау жоспарланған.