Қалила Омар – қазақ режиссерлерінің ішінде деректі фильм түсіруді қолға алып, үнемі мұрағат ақтарып, кино-документалист ретінде қалыптасты. Кинорежиссер туындыларының көпшілігі тарихтағы Алаш ақтаңдақтарына арналған. «Мағжан», «Алаш туралы сөз», «Алашорда» деректі фильмдерінде Қалила Омар қазақ зиялыларының бейнесін кеңінен ашып көрсеткен.
«Кейбір режиссер бар, документалист болса да, көркем фильмнің тәсілдерін пайдаланатын. Мен деректі фильмде метафораға құрылған бейнені жақсы көремін. Кейіпкердің тағдырында болған бір оқиғаны өмірде болып жатқан әдет-ғұрыптардың символы арқылы беруге тырысамын. Ең алғашқы фильмдерімнің қатарындағы «Тәушенде» мен сондай 16 тәсіл пайдаланғанмын», - дейді режиссер.
30 жылдан бері деректі фильм түсірумен айналысып келе жатқан режиссердің шоқтығы биік туындыларының бірі – «Тәушен». Бұл фильм – қазақтың айтыскер ақыны Тәушен Әбуева туралы.
«Қалиланың фильмдерінен қазақтың иісі аңқып тұрады. Мен оның қазақтың фольклорын, әр сөзінің астарын ашуға тырысатынына өте қатты мән беремін», кинорежиссер Балтабай Көшербайұлы.
«Мен барлық айтпақ ойымды астарына саламын. Ұлттық менталитетті, ұлттық мүддесін дүниеге жар салып айтқаннан гөрі, астарлап жеткізген әсерлі шығады»,-дейді режиссер.