Жалын Тілеуберген: Нағыз әскери өмірді көзімізбен көрдік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалын Тілеуберген: Нағыз әскери өмірді көзімізбен көрдік

02.06.2014
Жалын Тілеуберген: Нағыз әскери өмірді көзімізбен көрдік
 
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында көрермендердің сұрауы бойынша қайта эфирге шығатын «Көк тарландары» отандық телехикаясы бүгіннен бастап 19.40-та көрсетілетін болады.
 
Телехикая сюжеті Қазақстан әскері қатарындағы әуе десанттарының жауынгерлік өмірі негізінде өрбиді. Отан үшін жанқиярлық іске басын тігетін ел перзенттерінің күш-жігері мен өр рухына негізделген телехикая тәрбиелік сипатқа толы.
 
Туындының режиссері – актер, сценарист, режиссер Ержан Рүстембеков. Қазақ сарбаздарының рөлін сомдайтын негізгі төрт кейіпкері: «V-Alem» тобының әншісі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі Жалын Тілеубергенов, жас актерлер Мерей Мақанов,Олжас Жақыпбек және Ұлан Болатбеков.
 
Осы телетуындыда басты рөлдердің бірін сомдайтын әнші Жалын Тілеуберген 1991 жылы 9 мамырда  Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбагатай ауылында дүниеге келген.
 
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында музыкалык драма факультетiн актерлік шеберлік және режиссура маманыдығы бойынша тәмамдаған.
 
Жас актер «Көк тарландары» телехикаясы туралы: «Фильмге түсуге кастинг жүріп жатқанын естіген бойда, досыммен бірге бағымды сынап, барған едім. Араға күндер салып, бейнесынаққа қатысуға шақырту алдым. Жолым болып, Талғат рөліне бекітілдім. Түсірілім жұмыстары Қапшағай қаласындағы ҚР Қарулы күштері Аэроұтқыр әскерінің 35-гвардиялық десанттық шабуыл­даушы бригадасының базасында өтті. Нағыз әскери өмірді көзімізбен көрдік. Басында қиын болғанменен, кейін етіміз үйреніп кетті», - дейді.
 
Әскери өмірді насихаттау мақсатында жарыққа шыққан аталмыш телетоптама еліміздің жастарын патриот болуға, намысшыл болуға шақыратын тың туынды.
 

Хабарламаларға жазылу