Жасөспірімдер лагерьде әскери өмірді үйренеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімдер лагерьде әскери өмірді үйренеді

17.07.2014
Жасөспірімдер лагерьде әскери өмірді үйренеді

Ақтөбеде 30 жасөспірім 5 күн ішінде әскери өмірдің қыр-сырын меңгереді. Олар аз қамтылған отбасынан, жетім және тәртібі нашар балалар. Екі топқа бөлініп,  спорттық сайыстарда түрлі қиындықтарды жеңіп шығуы қажет.

Сонымен қатар, қатаң тәртіп пен ортақ талапқа бағынады. Әскери жаттығуларды орындайды. Патриоттыққа негізделген демалыс Ақтөбеде осымен үшінші жыл ұйымдастырылуда.

Михаил Брязгалов - өз тобындағы мергендердің бірі. Қарсыластарын көздеп атып, жеңісті берген емес. Суда жүзіп, интеллектуалды  ойындарда да мықтылығын көрсетіп жүр. Мишаның ісі қазір өзгелерге үлгі. Жасөспірім бұған дейін үйінен қашып, бұзақылық жасағаны үшін өкінеді.

Михаил Брязгалов, демалушы:

Бұзықтық дегенді қойдым. Осы лагерьге екінші рет келіп отырмын. Күн сайын таңертең тұрамыз да жүгіреміз. Жаттығу  істейміз. Барлауға шығамыз, осының бәрі ұнайды.

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі 6 нұсқаушы мен 4 полиция қызметкерінің бақылауында. Кешқұрым екі топ бірігіп, алау маңында  патриоттық әндер жаттап, фильмдер қарайды. Белгіленген уақытта кедергілерден өтіп, сынға түседі. Бос уақыттарында  футбол, теннис, шахмат ойнап, суға шомылады.

Әлия Таласова, тілші:

Әскери жаттығу мен спорттық ойындар ғана емес. Жасөспірімдер бұл жерде еңбек етуге де машықтанады. Ас әзірлеп, тазалыққа жауапты. Мамандар бұл нәтижелі іс екенін айтады. Қазір ішкі істер органында 62 жасөспірім тіркеуде тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға аз. Демек, қызықты демалыс арқылы балалар темірдей тәртіпке бағынуда.

Бақытжан  Ешмағанбетов, Ақтөбе қаласы прокурорының көмекшісі:

Соңғы екі жылда Ақтөбе  қаласы бойынша қылмыстың азаю динамикасы байқалады. Былтыр 70 пайызға азайды, 2012 жылмен салыстырғанда. Биыл 8 пайызға түсіп тұр, қылмыстың жасалуы кәмелетке толмағандар арасында.

Тентектерді тезге салып, бірлікке жұмылдыратын демалысқа 100-ге жуық  жасөспірім ниет білдірген. «Бүркіт» патриоттық клубы оларды үшке бөліп, екінші топты қабылдап жатыр. Қоғамдық ұйымға кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде.

Спорттық құрылғылар мен балалардың тамағы үшін бірнеше қордан 1 миллион теңге жиналды. Қалталылар бұл балаларды түзу жолға салу үшін қосқан үлесіміз,  дейді.

Әлия ТАЛАСОВА

 

 

Хабарламаларға жазылу