Чемпиондар лигасы. Криштиану Роналдудың финалда ойнауы екіталай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Чемпиондар лигасы. Криштиану Роналдудың финалда ойнауы екіталай

18.05.2014
Чемпиондар лигасы. Криштиану Роналдудың финалда ойнауы екіталай
Мадридтік «Реал» клубының жетекші ойыншысы Криштиану Роналду «Эспаньолмен» болатын ойын алдындағы жаттығу кезінде жарақат алды.
 
29 жастағы португалдық ойыншы 7-ші мамыр күні «Вальядолидпен» болған ойында жарақаттанып қалған еді. Бүгінгі «Эспаньолмен» болатын ойынға жарақатынан айығып, алаңға шығуға дайын болған Роналду кездесу алдындағы жаттығулар кезінде жарақатының қайта сыр бергенін білдірді.
 
Бұл кездесуде Роналдудың орнын Иско басты. 38-ші тур ойынына қатыса алмағандықтан, Роналдуға осы маусымның қорытындысы бойынша берілетін «Алтын бутсы» сыйлығын «Ливерпуль» шабуылшысы – Луис Суареспен бөлісуіне тура келеді.
 
Бұл аз болғандай, Криштиану Роналду Чемпиондар Лигасының финалдық ойынында алаңға шығуы да сұрақ үстінде. Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына келсек, бұл уақытқа дейін португалдық футболшы қатарға қосылатыны анық.
 
Естеріңізге сала кетейік, Чемпиондар лигасының финалында мадридтік екі команда - «Реал» мен «Атлетико» кездеседі. Ойын Лиссабонның «Эштадиу да Луж» стадионында 24 мамырда өтеді.

Хабарламаларға жазылу