«Kazsport» телеарнасы Ла Лиганың 2016-2017 және 2017-2018 маусымдарының ойындарын көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Kazsport» телеарнасы Ла Лиганың 2016-2017 және 2017-2018 маусымдарының ойындарын көрсетеді

15.11.2016
«Kazsport» телеарнасы Ла Лиганың 2016-2017 және 2017-2018 маусымдарының ойындарын көрсетеді

2016 жылдың 19 қарашасынан бастап «Kazsport» телеарнасы футболдан Испания чемпионатын (La Liga) трансляциялайды. Эфирде 2016-2017 жж. және 2017-2018 жж. маусымдарының ойындары көрсетіледі. Қазақстандық телекөрермен әлем футболының әйгілі клубтары – «Барселона», «Реал» (Мадрид), «Атлетико» (Мадрид), «Севилья» және тағы басқа командалардың тартысты ойындарын тамашалай алады.

La Liga - «Kazsport» телеарнасы үшін эфирге шығарылатын Еуропаның үшінші Ұлттық чемпионаты. 2013 жылы спорт сүйер қауымның назарына Германияның Бундеслигасы ұсынылса, 2014-2016 жж. Ағылшын Премьер-лигасы көрсетілген еді.       

Футбол тарихы және статистикасы халықаралық федерациясының (IFFHS) мәліметі бойынша, бүгінгі күні Испания чемпионаты үздік футбол лигасы. 2015 жылы әлемдегі футбол жанкүйерлері арасында Ла Лига Ағылшын Премьер-Лигасын басып озды. Аталған рейтингте Қазақстан  Премьер-Лигасы 40-орында.

IFFHS клубтық рейтингісінде соңғы бес жылда испан клубтары – «Реал» (Мадрид) және «Барселона» көш бастап тұр.

Чемпиондар лигасы мен УЕФА Еуропа лигасында соңғы 6 жылда испан грандтары 8 рет жеңіске жетті. Атап өтер болсақ, 2011 мен 2015 жылы Чемпиондар лигасында каталониялық «Барселона» үздік болса, 2014 пен 2016 жылы «Реал Мадрид» дәл осы жарыста жеңіске жетті. Ал, Еуропа Лигасында 2012 жылы «Атлетико» (Мадрид) топ жарса, «Севилья» 2014, 2015, 2016 жылдары бұл турнирде ешкімге дес бермеді.

Дүние жүзі бойынша ең қымбат футбол трансферлері арасында Ла Лиганың  бірден төрт ойыншысының есімі аталады:

Гарет Бэйл (Уэльс) – «Реал» (Мадрид), трансфер құны – 100 млн. еуро (2-орын);

Криштиану Роналду (Португалия) – «Реал» (Мадрид), трансфер құны – 94 млн. еуро (3-орын);

Луис Суарес (Уругвай) – «Барселона», трансфер құны – 83 млн. еуро (5-орын);

Хамес Родригес (Колумбия) – «Реал» (Мадрид), трансфер құны – 80 млн. еуро (6-орын).

2008 жылдан бастап әр маусымда Ла Лиганың өкілдері – Лионель Месси мен Криштиану Роналду кезекпе-кезек жаһанның үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» иегері атанып келеді.  

Месси мен Роналдудан өзге Испания чемпионатында үздік ойыншылар қатарында Неймар, Луис Суарес, Карим Бензема, Андрес Иньеста, Антуан Гризманн, Серхио Рамос, Жерар Пике, Луиш Нани, Диего Годин және тағы басқаларын атауға болады.   

«Kazsport» телеарнасы Ла Лиганы трансляциялау бойынша Қазақстанның ірі компанияларынан демеушілік ұсыныстарын қарастырады.

 

Хабарламаларға жазылу