2013 жыл дін саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруде маңызды жыл болды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Қазақстан Республикасы Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
«2013 жыл дін саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруде маңызды жыл болды деп есептеймін. Агенттік құрылғалы бері көптеген игі істер жүзеге асырылды», - деді вице-премьер.
Қазіргі уақытта жүргізіліп отырған тиісті шаралардың арқасында Қазақстандағы діни ахуал тұрақты болып сипатталатынын атап өткен Гүлшара Әбдіқалықова, діни экстремизмнің алдын алу бағытында үлкен жұмыстар атқарылғанын, өңірлерде бұл бағытта ілгерілеу бар екенін жеткізді.
Сонымен қатар, ол, біріншіден, Қазақстан халқының рухани құндылықтары мен ұлттық дәстүрлерін насихаттау саласында жүргізіліп отырған ақпараттық түсіндіру жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша шараларды ары қарай жалғастыру керектігін жеткізді.
«Теріс ағымдармен уланбаған жастармен жұмыс істеу - өте қажет деп ойлаймын. Өйткені алдын ала профилактикалық шаралар ұйымдастыру керек. Екіншіден, агенттік жұмысы діни ұйымдар мен миссионерлер тарапынан Қазақстан заңнамасын бұзуға жол бермеу үшін тиісті шаралар қолдануға, Елбасының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға бағытталуы қажет», - деп тапсырды Үкімет басшысының орынбасары.