Қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парақшасын Egov.kz порталынан ала алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парақшасын Egov.kz порталынан ала алады

29.01.2018

«Интернетсіз цифрландырудың игілігін көремін деу бос әурешілдік». Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа депутаттар осылай деді. Бұған себеп те жоқ емес. Төменгі палата өкілдері мемлекеттік медициналық мекемелердің компьютермен қамтылу деңгейі 85%, ал, ғаламторға қосылғандары 55% ғана екенін алға тартты. Сондықтан, құзырлы ведомстволармен бірлесіп, алдымен коммуникация мәселесін шешуге шақырды. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрінің заман талаптарын орындауға ұмтылысы күшті. Ол «биыл жазда медициналық-ақпараттық жүйелер біріктіріледі», - дейді. Яғни, бұған дейін өзара онлайн байланыс орнатпаған емдеу мекемелері енді бір мәліметтер базасына сүйенеді. Цифрландыру мақсатымен телемедицина мен электрондық денсаулық сақтау құжаты да қолданысқа енгізілмек. Бірнеше айдан соң қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағын Egov.kz порталынан ала алады. Жаңа технологияларды меңгеру үшін жоғары оқу орындарында студенттер оқытылады.  

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мақсатымыз - осыны 100 пайызға жеткізу. Бірақ, оның бәрі сатылы түрде жүргізіледі. Себебі, Қазақстанның географиясы өте кең. Шалғай, шеттегі ауылдардағы медицина мекемелерінің осы жүйеде қалай жұмыс атқаратыны, бағыты бүгін қаралып отыр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Оған дәрігерлерді, мейірбикелерді үйретуіміз керек. Ол да уақыт. Бірақ, оны созып жүрсек, ешқашанда көшпейміз. Сонымен, біз өзімізге осындай жоспар қойдық. 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап еліміздегі медициналық мекемелер қағазсыз жұмысқа көшуі қажет.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу