Оңтүстік Қазақстан облысында сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға арналған екі бірдей орталық ашылды. Олардың бірі 3 жасқа дейінгі сәбилерді, ал, екіншісі 3 пен 15 жас аралығындағы балалардың денсаулығын түзеуге жәрдемдеседі. Мұндай емдеу мекемесі Астана қаласынан кейін Шымкентте жасақталып отыр. Соның арқасында ата-аналар енді бұрынғыдай сырқат баласын арқалап алысқа сабылмайтын болды.
Бұл жасы 7-ге келген Назибаның алғаш қадамы. Туғалы өз бетімен аяғына тұрып көрмеген оның бал-бұл жанған жүзінен ерекше қуаныш байқалады. Орталықтағы арнайы қондырғының арқасында аяғына жан біте бастады. Дәрігерлердің көмегімен күнде осылай 40 минут бойы жаттығу жасайды.
Юлдуз Турниязова, Назибаның анасы:
- Қадамына өзі де қуанады. Осы аппараттың арқасында жүруге әрекет етуге ынтасы бар.
Бұлшық еттері семіп қалған баланы қимыл-қозғалысқа үйрететін бұл құрылғы лакостат деп аталады. Германияда жасалған. Роботтық технология бойынша жұмыс істейді. Құрылғы неврологиялық науқстардың бұлшық еттерінің жетілуіне және ми қыртысының дұрысталуына сеп жасайды.
Баян Арысбаева, дәрігер-педиатр:
- Медицинада бұлшық еті жады деген термин бар. Қайталап істелінген жаттығуды бұлшық еттер жаттап қалады. Ары қарай қозғала беруіне осы аппарат қажет.
Орталықта науқас балалар 18 күн жатады. Оларға екі түрлі ем жасалады. Медициналық және әлеуметтік педагогикалық. Монтессори әдісі бойынша балалардың сезу мүшелерінің қызметі жақсарады. Психолог мамандар арнайы сабақтар өткізеді. Бұдан бөлек, орталықта тұз шахтасы, жүзу бассейні де бар. Балалардың емі үйіне кеткенде үзіліп қалмас үшін аналарына күнделікті жасалатын жаттығулар, түрлі ем шаралар үйретіледі.
Мариям Байжұматова, бас дәрігердің орынбасары:
- Аналар өздері үйінде жасауға болатын тапсырмаларды үйретеміз. Олар үйге барып, келесі келгенше біздің тапсырманы орындап, келгенде балалардың жақсарғаны байқалады.
Жаңадан ашылған әр орталықта жылына 3200 баланың денсаулығын жақсартуға болады. Ал, өңірде бүгінде туабітті сал ауруына шалдыққан 2 мың 600-ден астам бала бар.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ