Ташкентте Орал Таңсықбаев туындыларының көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Ташкентте Орал Таңсықбаев туындыларының көрмесі ашылды

Ташкентте Орал Таңсықбаев туындыларының көрмесі ашылды

Ташкентте қазақтан шыққан әйгілі суретші Орал Таңсықбаев туындыларының көрмесі ашылды. Мәдениет және өнерді дамыту қоры ұйымдастырған шараның өтуіне Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі де қолдау көрсетті. Көрмеге келушілер – Орталық Азияның сұлулығы мен рухын бейнелейтін картиналарды көруге мүмкіндік алады.

Орал Таңсықбаевтың есімі қазақ пен өзбек халықтарына ғана емес, бүтін түркі әлеміне жақсы таныс. Қылқалам шебері әсем табиғатты сан түрлі бояумен кенепке түсіріп, ғажап өнер туындыларын қалдырды. Тау мен даланың жыршысы атанған суретші, адам мен табиғат арасындағы үндестікті ерекше бейнелеген.

Жанарбек Берістен, суретші, ғалым:

Оралдың ең үлкен ерекшелігі – реалистік өнерді, орыс авангарды мен еуропалық модернизмді шебер тоғыстырып, оны Орта Азияға тән жаңа өнер деңгейіне көтергенінде. Оның бояулары қанық, тондық үйлесімі әлемдік деңгейдегі суретшілерге тән.

Көрмеге суретшінің 124  туындысы қойылған. Бұл экспозициялар Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші мұражайларынан әкелінген. Олардың арасында Алматыдағы Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің алтын қорынан арнайы жеткізілген дүниелер де бар.

Джавлан Умарбеков, Өзбекстанның халық суретшісі:

Орал Тансықбаевпен алғаш танысқан сәтім әлі есімде. Студент кезімде салған суретімді көріп, «сатасың ба?» – деп сұрады. Қуанышым қойныма сыймай, бірден келістім. Ол өте қарапайым, кең пейілді жан болатын. Әрдайым өзін «Өзбекстанның қазағымын» деп таныстыратын. Артында өнерсүйер қауымға мол мұра қалдырды.

Көрме қарсаңында қылқалам шеберінің 70-тен астам картинасы қайта жаңғыртудан өткізілді. Бұл ауқымды жұмысты атқаруға Францияның жетекші реставратор мамандары тартылды. Орал Таңсықбаевтың шығармашылық көрмесі қараша айына дейін жалғасады.


Бөлісу