Шығыс Қазақстан облысындағы Омбы-Майқапшағай республикалық тас жолының бойында медициналық-құтқару пункті жұмыс істей бастады. Ол «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде салынған.
Жалпы, еліміз бойынша 2011-2015 жылдар аралығында ең қауіпті саналатын күре жолдарда 40 құтқару пунктін салу жоспарда. Бүгінде оның 26- жұмыс істеп тұр.
Мамандар олардың апатты жағдайларда тиімділігі жоғары екендігін айтуда. Мәселен, өткен жылдың ішінде жол үстінде 2 мыңнан астам адамға шұғыл көмек көрсетілген.
Омбы-Майқапшағай шығыс өңірді Ресеймен тікелей байланыстыратын маңызды тас жолдардың бірі. Оның қауіпті саналатын аймағынан орын тепкен нысан құтқару және медициналық көмек көрсетуге қажетті заттармен толықтай жарақталған.
Мәулен Тәкежанов, ШҚО бойынша «Апаттық медицина орталығы» жетекшісі:
Осыған дейін елімізде қолданысқа берілген медициналық-құтқару пункттері өз тиімділігін көрсетті. Жол бойында түрлі жағдайларға тап болған жолаушыларға жедел түрде көмек көрсетуге қолайлы. Құтқарушылардың шұғыл әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалуына көмегі зор.
Ержан ЖАҚЫП