Алматыда 5 мыңнан астам бала тегін қосымша білім алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 5 мыңнан астам бала тегін қосымша білім алып жатыр

16.08.2019

Қазір ірі мегаполисте Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорына қарасты 46 аула клубы жұмыс істеп тұр.

Негізінен, бұл орталықтарда мүмкіндігі шектеулі бүлдіршендер, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға ерекше қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, кез келген қала тұрғыны аула клубтарындағы түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады.

Бұл әлеуметтік жоба 2001 жылы бастау алған. Сол уақытта қалада 5 орталық болса, қазір оның саны 50-ге жеткен. Барлығында қолөнер, вокал, хореография, аспапта ойнау, спорт және өзге де бағыттағы 160-қа жуық үйірме бар.

Алма Ауғанбаева, Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының басшысы:

Бұл - ауқымды әлеуметтік жоба. Мұнда барлығы тегін. Бізге келетін балалардың көбі талантты. Олардың болмыстары да әртүрлі. Сондықтан, біз орталыққа мықты мамандарды ғана жұмысқа аламыз. Себебі балалармен жұмыс істеу оңай емес. Біз бүгін 5 мың балға жақсы тәрбие бере алсақ, ертең 10 мыңға жетеміз. Сол үшін барымызды салып қызмет етіп жатырмыз.

Нұрсәуле Әменқұлова, қала тұрғыны:

Қашан келсек те, мұғалімдер үнемі күліп қарсы алады. Жылы жүзді. Балам осы жерге қуана-қуана келеді.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу