Денис Тенді пышақтаған екінші күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Тенді пышақтаған екінші күдікті ұсталды

20.07.2018

Денис Тенді пышақтаған күдіктілердің біреуі ұсталды. Бұл туралы бүгін таңертең құқық қорғау органдарының өкілдері хабарлады. Күдікті кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Естеріңізге салайық, қайғылы оқиға кеше түскі үштердің шамасында Алматының қақ ортасында болды. Құрманғазы мен Бәйсейітова көшелерінің қиылысында Денис Тен көлігінің айнасын ұрлап жатқандардың үстінен түсіп, тоқтатпақ болған. Бұзақылар жабылып, спортшыны пышақтап кетті. Ауыр жарақат алған Денис Тен көп қан жоғалтып, орталық клиникалық ауруханада екі сағаттан кейін көз жұмды.

Көшедегі бейнебақылау камераларына түскен күдіктілердің бірін арнайы жедел топ өкілдері ізін суытпай ұстады. Ол 1994 жылы Жамбыл облысында туған Нұралы Қиясов. Күдікті бұған дейін бірнеше көліктен магнитофондар мен аккумуляторларды ұрлағаны үшін кәнігі ұры ретінде құзырлы органдардың есебінде тұр. Сондай-ақ, машинаны мас күйінде жүргізгендігі, жалған нөмірлі көлікпен жүргендігі үшін де бұрын ұсталған. Оған қоса, несие алып, оны төлемей жалтарғандығы үшін ісі сотқа өткен.

Ізбасар Бектұров, Алматы қалалық ІІД бастығының міндетін атқарушы:

- Жүргізілген іс-шаралар мен куәгерлердің берген мәліметі бойынша оқиға орын алған аумақта сыртқы бейнебақылаулардың көмегімен күдіктілердің жеке бастары анықталды. Күдікті ретінде олардың біреуі Жамбыл облысында 1994 жылы туылған Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Қорғаушылардың қатысуымен ол өз кінәсін толық мойындады.

Қолға түскен күдікті Нұралы Қиясов бүгін таңертең оқиға орнында істің қалай болғандығын тергеушілерге баяндап берді. Ақпарат құралдарының өкілдері бұл процесті тек алыстан түсіре алды.

Ал, екінші күдікті әлі іздестіріліп жатыр. Ішкі істер министрлігі оның суретін де жариялады. Ол 1994 жылғы Қызылорда обысының тумасы. Аты-жөні - Арман Құдайбергенов. Белгілері: бойы 165-170 см, дене бітімі арықтау келген. Қара жейде, сұр джинсы, қара түсті аяқ киім киген. Күннен қорғайтын көзілдірігі бар. Оны сырттай тұтқындау туралы санкцияны Алматы қалалық Аумалы аудандық соты беріп те үлгірді.

Берік Жүйріктаев, Алматы қаласының прокуроры:

- Тергеу ісін Бас прокурор мен Ішкі істер министрі жеке бақылауына алды. Қылмыстық істің тергеу барысын жеке жеткізе отырып, біз Денис Теннің орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Алматы қаласы прокурорының сөзінше, адам қазасына себеп болған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Пайдакүнемдік пиғылмен топ болып кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Қазір екінші күдіктіні іздеуге Ішкі істер органдарының жеке құрамы мен басқа да аумақтық органдардың күші жұмылдырылды.

Редакциямызға жаңа келіп түскен ақпарат: Денис Тенді пышақтап өлтірген екінші күдікті - Арман Құдайбергенов те ұсталды. Алматыда осыған қатысты арнайы баспасөз жиыны да өткізіледі деп жоспарланып отыр.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу