Басты Жаңалықтар Қазақстан мен АҚШ геологиялық және цифрлық ынтымақтастықты күшейтеді

Қазақстан мен АҚШ геологиялық және цифрлық ынтымақтастықты күшейтеді

АҚШ – Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құйған мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздік ала сала басталған әріптестік бүгінде стратегиялық деңгейге жетті. Екі ел арасындағы инвестиция көлемі алпыс миллиард долларға жуықтады. Енді серіктестік көлік, логистика, сирек металдарды өндіру, цифрландыру сияқты жаңа бағыттарда кеңеймек.

АҚШ бизнесі тәуелсіздік алғалы Қазақстанмен тығыз байланыста. 1993 жылы елімізге алғаш болып келген ірі инвесторлардың бірі - «Chevron» компаниясы. Бүгінде бұл алып корпорация әлемде өндіретін мұнай мен газдың төрттен бір бөлігін теңіз кен орнынан, яғни «Tengizchevroil-дан» алып отыр. Қазақстан да өз кезегінде сенімді әріптес екенін дәлелдеп келеді. Мысалы, бүгінде АҚШ тұтынатын уранның шамамен 24 пайызы біздің елден жеткізіледі. Ал қажет болған жағдайда Қазақстан бұл көлемді еселеп арттыруға дайын.

Мирас Жиенбаев, Мaqsut Narikbayev University сыртқы саясат және халықаралық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі:

Біз сирек кездесетін металдарды барлау, өндіру бағытына инвестиция тартқалы отырмыз. Яғни, АҚШ компаниялары халықаралық компаниялардың арасында бірінші болып бізбен жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Өйткені Қазақстанда инвестициялық саясат ашық әрі әділ жүргізіліп отыр. Кәсіпкерлердің құқығы халықаралық талаптарға сай қорғалады.

Бүгіннің өзінде АҚШ кәсіпкерлерінің Орталық Азияға құйған қаржысының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Тәуелсіздік алғалы бері АҚШ біздің экономикамызға 60 млрд доллар қойған. Былтыр бір жылдың ішінде 869 миллион доллар тартылды. Елімізде қазір құрама штаттардың 630 компаниясы жұмыс істеп жатыр.

Дінмұхаммед Ғали, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының  орталық директоры:

Саяси арифметикаға келетін болсақ, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 300 млрд доллар. Өзбекстанмен салыстырсақ, 130 млрд болып отырғанын көріп отырмыз. Қазақстан жалпы экономиканың әлеуеті бойынша, инвестиция тарту әлеуеті бойынша жоғарғы деңгейде. Қауіпсіздік мәселесі бойынша сенімді әріптес ретінде Америка Құрама Штаттары тарапынан қаралуда.

Соңғы жылдары Қазақстан көлік және логистика саласын дамытуға айрықша мән беріп отыр. Тасымал жүйесінің тиімді жұмыс істеуі - шетелдік инвесторлар үшін де маңызды фактор. Бұл бағыттың дамуы ірі компаниялардың қаржысын ел экономикасына тартуға жаңа серпін береді. Өйткені Қазақстанда өндірілген өнімді бүкіл Орталық Азияға, сондай-ақ шығыс пен батыс нарығына жеткізу жеңілдеп келеді.


Бөлісу