Жүзу спорты мектеп бағдарламасына енгізіледі
Жүзу спорты мектеп бағдарламасына енгізіледі. Пилоттық жоба келер жылы әуелі Астана мен Алматыда басталады. Кейін ел аумағындағы барлық мектепке кезең-кезеңімен енгізілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында Qazaq Aquatics Федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин мәлімдеді. Ол Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Бүгінде Қазақстан бойынша 360-тан астам бассейн бар. Су спортымен жалпы 135 мыңнан астам адам айналысады. Ал министр Ербол Мырзабосынов 2029 жылға қарай қазақстандықтардың тең жартысы спортпен айналысады деп сендірді. Қазір елімізде 8,4 миллион адам, яғни жалпы халықтың 41 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады. Биыл балалардың спорт және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысу мүмкіндігін кеңейтетін «Бірыңғай ваучер» пилоттық жобасы іске қосылды. Қазір мемлекеттік тапсырыспен 240 мың бала тегін секцияға қатысып жатыр деді. Былтыр ел бойынша 90 спорт нысаны салынды, оның 61-і ауылдық жерлерде.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Спорт
және туризм министрі:
Ауылда спорттық инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу жобасы аясында 12 өңірде ангар үлгісіндегі 23 модульдік спорт залы жылдың соңына дейін салынады. «Балалар спорт залдары» жобасы бойынша 130 спорт залы салынып, қажетті құралдармен жабдықталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы