«Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнерінің фестивалі елорданың мерейтойына орайластырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнерінің фестивалі елорданың мерейтойына орайластырылған

06.07.2018

Астананы 20 жылдық мерейтойымен цирк өнерінің майталмандары да құттықтады. Орта Азиядағы жалғыз халықаралық цирк өнерінің фестивалі «Азия жаңғырығы» елорданың мерейтойына орайластырылған. Әлемнің 13 елінен жиылған әртістер 5 күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен концерт ұсынуда.

60-тан астам әртіс. Бағдарлама да сан алуан. Цирк әртістерінің жылдар бойы жинаған тәжірибесі бағаланатын сын сағаты. Ешкім аянып қалмады. Тіпті, әлемдік рекордтар да осы бағдарламаның ішінде жаңарды.

Ерік Жолжақсынов, Астана циркінің директоры:

- Әр ел өзінің әртістерімен таңқалдырғылары келеді. Мұны енді көру керек. Сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Сондықтан, мерекелеріңіз құтты болсын. Астанамыз жасай берсін.

Қатысушылардың өздері фестивальдағы бәсекелестікке жоғары баға беріп, әр әртістің шеберлігіне таңданысын білдірді.

Әділет Тиканов, Алматы циркінің әртісі:

- Біздің жарыс биік деңгейде өтіп жатыр деген ойдамыз.

Кешке келген көрермендерді де өнер мерекесі таңғалдырды. Мұндай деңгейдегі фестивальдің Қазақстанда өтуі біздің бірге жеткен жетістігіміз деген баға берді олар.

Ал, шетелден келген қонақтар болса, цирктен бөлек мерейтойын атап өтіп жатқан елорданың бүгінгі келбетіне таңданыстарын білдірді.

Петр Дубинский:

- Астана керемет қала. Аз уақытта салынғанымен мені қатты таңқалдырды. Астана ғана емес, сіздердің елдеріңіздің осынша қысқа уақытта жеткен жетістіктері таңқалдырады. Шын жүректен барлық қазақстандықтарды бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын.

Халықаралық фестивальдің гала-концерті 8-шілдеге жоспарланып отыр. Оған дейін күн сайын әлемнің үздік әртістерінің өнерін елорда төрінде тамашалауға мүмкіндік бар.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу