«Азия жаңғырығы» фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Азия жаңғырығы» фестивалі басталды

01.07.2014
«Азия жаңғырығы» фестивалі басталды

Енді елордалықтар бір апта бойы халықаралық цирк аренасында аты шыққан әртістердің өнерін тамашалай алады. Қала күні қарсаңында «Азия жаңғырығы» атты өнер фестивалі басталды.

Оған әлемнің 8 елінен кіл мықты цирк әртістері  шақырылды. Бүгін фестивальдің бірінші күні өтіп, астаналықтар түрлі акробаттық трюктар мен жабайы аңдардың жаттығу орындау жұмыстарын тамашалады.

Фестивальдің шымылдығын түру украиндық өнерпаздарға бұйырды. Акробаттар концерттік бағдарламаны «Әуеде ұшу» нөмірімен ашты. Бұл бірнеше жылдық дайындықты қажет ететін күрделі цирк жанры. Алайда, өнерпаздар қауіпті трюктарды қорқынышсыз, еркін орындауға әбден машықтанған.

Михаил Севрюков, «Украина» циркінің әртісі:

Біздің бұл жанрмен айналысып жүргенімізге 15 жыл болды. Қазір мен өз тобымның жетекшісімін. Мойындау керек, оңай болмады. Тіпті, дене жарақаттарын алған кездеріміз де болды.

Бұл – сахнаның сыртындағы көрініс арыстанды қорқынышсыз құшағына қысып, аң патшасымен әнгіме  құрып тұрған Тунгалаг Өселбаева. Бірер минуттан соң аңдармен бірге көрерменнің алдына шығып, біздегі цирк өнерінің өрісін көрсетеді. Оның жабайы жануарды өз ырқына көндіріп, қолға үйреткеніне биыл - 9 жыл.

Тунгалаг Өселбаева, «Астана» циркінің әртісі:

Басында қорқынышты болды. Мына арыстандарды 1,5 жасында алып келген. Қазір 10 жаста олар. Сол кезде, оларға 1 жылдай жоламадым.

Тунгалаг секілді мұнда сегіз мемлекеттің әртістері өнер көрсетеді. Мәселен, мына якутиялықтар  шардан шаһар  тұрғызатын өнерпаздар.

Халықаралық фестиваль биыл осымен жетінші мәрте өтіп отыр. Астана күніне  орай жылда ұйымдастырылады. Бүгінде, дәстүрлі шара  өз аудиториясын тауып, көрерменнен тиісті бағасын алып  үлгерді.

Қала тұрғыны:

Ұнағанда қандай. Өте ұнап жатыр. Мен немерелеріммен, келініммен келдім.Рахмет!

Қала тұрғыны:

Маған клоун:  «кофе» дегенде ұнады. Сосын әже тістен қорқып кеткенде ұнады.

Концерттік бағдарламаны қала тұрғындары екі сағат бойы тамашалады. Ал, бүгінгі бағдарламадан қалыс қалған жандардың құлағына алтын сырға. Фестиваль шілде айының 8-іне дейін жалғасады.

Айдана ҮСЕНБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу