Жеңіс күні Қазақ елінің түкпір-түкпірінде айрықша аталып өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңіс күні Қазақ елінің түкпір-түкпірінде айрықша аталып өтуде

09.05.2014
Жеңіс күні Қазақ елінің түкпір-түкпірінде айрықша аталып өтуде
Жеңіс күні еліміздің барлық аймағында да аталып өтті. Батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік және Орталық Қазақстандағы әрбір қалада жеңіс құрметіне арналған алаңдар мен ескерткіштер бар. Барлық тұрғындар бүгін сол мемориалдарға келіп, гүл шоқтарын қойып, ардагерлерге құрмет көрсетті.
 
Бүгін қазақ даласын Жеңіс әуені кернеп тұрды. Барлық өңір бұл мерекені атап өтуден тыс қалған жоқ. Жеңіс мерекесі тіпті алыс ауыл-аудандарда да аталып өтті.
 
Шығыс Қазақстандағы Абай ауданынан сұрапыл соғысқа 1700 адам аттанса, соның 600-і ғана аман оралған. Қазір тек екеуінің ғана көзі тірі. Бүгін аудан халқы сол бабалар ерлігіне құрмет көрсетті.
 
Ал, Жеңіс мерекесі әрі қарай Көкбай ауылында жалғасын тапты. Онда соғыс ардагері Біткенбай Баймұхаметов атындағы балалар саябағы ашылды. Қан майданда ұрпағының бақытты ғұмыры үшін жат жерде жанын қиған майдангердің мүсіні орнатылды. 
 
Нұрқыз Мырзақанова, 11 сынып оқушысы:
Бабаларымыздың жеңісі мың жыл өтсін, ғасырлар өтсін ұмытылмайды. Еліміздің аспаны ашық болсын. Осындай бейбіт күнде ғұмыр кеше берейік!
 
Ал, облыс орталығы - Өскеменде қала тұрғындары мерекені жылдағы дәстүр бойынша «Даңқ» мемориалындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қоюмен бастады. Одан кейін орталық алаңда әскери шеру өтті.
 
Жалпы,  Шығыс Қазақстаннан майданға 170 мыңнан аса адам аттанған. Олардың 109-ы Кеңес одағының батыры атанып, 24 адам «Данқ» орденінің толық иегері атанды. Биылғы Жеңіс күнін облыс бойынша 747 соғыс ардагері қарсы алды.
 
Аяулым Нұрланқызы, қала тұрғыны:
Бейбітшілік, тыныштық болсын. Еліміз аман болсын. Осы соғысқа қатысқан ата-апаларымыз ұзақ өмір сүрсін, денсаулықтары мықты болсын.
 
Қостанай облысынан соғысқа 73 мың адам аттанып, соның жартысына жуығы майдан даласында мерт болған. Қазір көзі тірі ардагерлер саны 200-ге жетер жетпес. Бүгін осы ардагерлердің құрметіне орталық алаңда мерекелік шаралар өтті. Шеру ұйымдастырылып оған қатысушылар 200-ге жуық майдангердің суреттерін алып өтті.
 
Балтабай Қазиев, соғыс ардагері:
Жеңіске бірліктің, ынтымақтың арқасында жеттік. Соғыс болмасын. Кейінгі ұрпақ біздің көргенімізді, бейнетімзді көрмесін, еліміз аман болсын.
 
Орал қаласындағы Даңқ алаңына 20 мыңға тарта адам жиналды. Олар «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, майданда шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етті. Соғысқа Ақжайық өлкесінен 77 мың адам аттанса, оның жартысы мерт болды. Бүгінде өңірде 210 соғыс ардагері бар. 
 
Мұхтар Әжіғұлов, соғыс ардагері:
Шеттен жау болмағай, іште дау болмағай. Бұл күні біз қан майданда қаза тапқан жолдастарымызды еске аламыз.
 
Жеңістің 69 жылдығын ақтаулықтар да кең көлемде атап өтті. Қала тұрғындары «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, соғыс жылдардағы көріністерді тамашалады. Сұрапыл соғысқа мұнайлы түбектен 6 мыңнан астам адам аттанса, оның 4 мыңына туған жердің топырағы бұйырмады. 
 
Асан Аймағанбетов, соғыс ардагері:
Енді соғыс болмасын6 соған біз тілектеспіз. Шетелдермен тек татулық болсын.
 
Ал, Павлодарда Жеңіс мерекесін небәрі 300-ден астам ардагер қарсы алды. Жалпы, облыстан соғысқа 46 мың адам аттанып, оның жартысына жуығы елге оралмаған. 10 мыңы хабар-ошарсыз кетті.
 
Ал, 23 павлодарлық Кеңес одағы Батыры атағын алды. Бүгін орталық алаңда өткен Жеңіс шеруіне «Мәңгілік өлмейтін полк» қатысты. 
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу