Ерлік пен еңбектің ерен үлгісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлік пен еңбектің ерен үлгісі

06.05.2014
Ерлік пен еңбектің ерен үлгісі
II Дүниежүзілік соғысқа қазақ даласынан миллионнан астам адам майданға аттанды. Солардың көпшілігі қанды шайқаста мерт болып, тек үштен бірі ғана туған жеріне аман-есен оралды.
 
Олар елге келген соң да еңбекке араласып, туған жерінің өркендеуіне үлесін қосты. Сондай ерлік пен еңбектің ерен үлгісін көрсеткен майдангерлердің бірі, атыраулық Байғазы Баетов.  
 
Байғазы Баетов соғысқа 1942 жылы аттанған. Алдымен, снайперлерді даярлайтын әскери оқу орнында 3 ай бойы жаттығады. Арнайы дайындықтан соң, қан майданның ортасынан бірақ шығады.
 
Байғазы Баетов, соғыс ардагері:
Сталинград, Харьков осы жерлерді немістерден тазарту керек. Өлеміз, өлтіреміз, жеңеміз деп ант бердік. Ашпыз, жалаңашпыз, тоңдық деу жоқ. Тек алға!
 
Сөйтіп, 3 жыл майдан даласында ерлігімен ерекшеленген сарбаз, келесі бір ұрыста ауыр жараланады. Содан госпитальда бірнеше ай емделеді. Кейін ерен ерлігі ескеріліп, «Даңқ» орденімен марапатталады.
 
Байғазы Баетов, соғыс ардагері:
Олар тек қашып жатты. Біз жеңеміз деп аспанға секірдік, айтқандай ақыры жеңіп шықтық.
 
Ардагер елге 1945 жылы оралды. Алғашында соғыс салған кесапаттан мүгедек болып, жұмысқа орналасу қиынға соқты. Дегенмен, өмірге жігерлілігі, туған жерін өркендетуге деген талпынысы арқасында мал дәрігерлік білім алып, бірнеше жыл ветеринар болып жұмыс істеді.
 
Кәрім Хамидуллин, ардагердің күйеу баласы:
Осы селодан жүз шақырымдай жерде қырда отбасымен көшіп жүріп, атпен жүріп, ауыл-елді аралап, малшылардың малдарын емдеп, жандарын емдеп қасында болған.
 
Майдангер алты бала тәрбилеп өсірді. Қазір, Байғазы ата олардан тараған ұрпақтарының арасында бақытты өмір сүруде. Ақсақалдың тілегі біреу ғана, ол ел амандығы, жер бүтіндігі. Қазақстанның мәңгілікке тәуелсіз ел болып, бейбітшілік туының желбіреуі.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу