Үрімшіде ЕХРО-2017 көрмесінің таныстырылымы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үрімшіде ЕХРО-2017 көрмесінің таныстырылымы өтті

24.04.2016
 Үрімшіде ЕХРО-2017 көрмесінің таныстырылымы өтті

Күллі әлем көз тіккен Қазақстандағы ЕХРО туралы қытайлық кәсіпкерлер мен туристер толыққанды ақпарат алып, көрмеге қатысуға қызығушылықтарын білдіріп жатыр. Сонымен қатар, отандық туроператорлар туристерге өз бағдарламаларын ұсынды.

Үрімшідегі айтулы шарадан Қазақстан да қалыс қалмады. Жәрмеңкені ұйымдастырушы Қытай тарабы еліміздің туристік бағытына жоғары баға берді.

 «Туристерді Қазақстанның ең алдымен табиғаты қызықтырады. Біз қазірдің өзінде сіздің елге түрлі тур ұйымдастырып жүрміз. Екіжақты байланысымыз одан әрі нығая түседі деген сенімдемін», - деді ҚХР Шыңжаң автономиялық өлкесі туризм басқармасының өкілі Лиян Янвой.

Жәрмеңке аясында ЕХРО-2017 көрмесінің таныстырылымы өтті. Астанада келер жылы басталатын халықаралық көрме туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Қазақстан мен Қытай Ұлы жібек жолын жаңғырту бойынша бірлесіп, бірқатар істі атқарып келеді. ЕХРО-2017 Ұлы жібек жолындағы туризмді дамытуға тың серпін бермек.

2017 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып белгіленді. Көрші елдің азаматтарына виза алуға жеңілдік қарастыратын келісімге осыдан 2 жыл бұрын қол қойылған болатын. Сол себепті, Қазақстанды көруге құлшынған қытайлық қонақтардың қатары белсенді түрде артып келеді.

 ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу