ЕХРО-2017 кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналады (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕХРО-2017 кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналады (толығырақ)

04.03.2014
ЕХРО-2017 кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналады (толығырақ)
ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын салу жұмысы мамырда басталады. Оған 10 мыңнан 20 мыңға дейін адам жұмылдырылады.
 
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ЕХРО-2017 көрмесінің Сәулет кешені тұжырымдамасы кеңінен таныстырылды. 170 гектар жерде қонақүйлер мен кеңселер, сауда орталықтары мен саябақтар орналасады.
 
Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың сөзінше, жарты миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады. Олардың барлығы «жасыл» технология әдісімен тұрғызылады.
 
ЕХРО - ең сәнді және тұрмысқа ыңғайлы қалашық болмақ. Құрылысқа шетелдік және отандық компаниялар жұмылдырылады. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін бас мердігер компания бірнеше болуы мүмкін.
 
Сондай-ақ, ЕХРО қарсаңында виза рәсімдеу тәртібінде қағазбастылық айтарлықтай азайтылады. Ал ЕХРО көрмесі шағын кәсіпкерлерге бизнес бастауға мол мүмкіндік береді, - деді министр.
 
Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі:
Шағын және орта бизнес үшін ЕХРО табыс көзіне айналады. Көрме нысандары маңында мейрамханалар мен қызмет көрсету орталықтары ашылады. Халық көп келетін күндері 120 мыңға адамға дейін жетеді. Олардың барлығы сауда нүктелері мен асхана, мейрамханаларға кіретін болады. Сондықтан да бизнес үшін мүмкіндік мол.
 
ЕХРО халықаралық көрмесіне Финляндия мемлекетінің қатысу мүмкіндіктері қандай және осы саладағы әріптестікті дамыту. Бұл мәселелер -  ЕХРО-2017 Ұлттық компаниясының төрағасы Талғат Ермегияевтің Финляндия парламенті төрағасы Ээро Хейнялуомамен кездесуінде сөз болды.
 
Фин тарапын баламалы энергияны дамыту саласындағы  тәжірибе қызықтырса, Ұлттық компания басшылығы ЕХРО-2017 көрмесіне Финляндия компанияларын белсене қатысуға шақырды.
 
 
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу