ЕХРО-2017 байқауының жеңімпазы - АҚШ сәулетшілері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕХРО-2017 байқауының жеңімпазы - АҚШ сәулетшілері

22.10.2013
ЕХРО-2017 байқауының жеңімпазы - АҚШ сәулетшілері
Бүгiн Астанада ЕХРО-2017көрмесі кешенiнiң үздiк эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық байқауының қорытындысы шықты. «Adrian Smith + Gordon Gill» архитектуралық компаниясы жоба жеңімпазы атанды.
 
Бұл эскиз-жоба байқауына 105 компания қатысты. Техникалық кеңестің шешімімен ең үздiк 10 жоба іріктелді. Солардың ішінен қазылар алқасының таңдауы америкалық сәулетшілерге түсті.
 
Себебі, компанияның заманауи құрылыс саласында тәжірибесі мол. Олар бұған дейін Дубайдағы әлемнiң ең биiк ғимараты саналатын «Бурдж Халифаның» жобасын жасаған.
 
Қазір Қытай елінде жасыл технологияларға бағытталған тұрғын үйлердi салып жатыр. Сондықтан, компания техникалық және сәулеттiк жағынан озық деп танылды.
 
Жалпы, көрменің символы бірнеше қабатты сфера іспетті әрі  жалпы ауданы 24 мың шаршы метр болады. Ол «Қазақстан» павильоны деп аталады. Бұл ғимарат көрме қалашығының ортасында орналасқан.
 
Осылайша, ЕХРО-2017 алаңы - бес тірекке негізделген 3-ші индустриялық революцияның орталығына айналады. Ал, көрме кешенінің құрылысы 2016 жылы аяқталмақ. 
 
Гордон Гилл, Америка архитекторлар институтының мүшесі, байқау жеңімпазы:
Расында, Болашақ энергиясы - қазір басты тақырыптардың бірі. Әлемді алаңдатып отырған мәселе. Сәулетшілердің пікірінше, архитектура - әлемге септігі тиетін зор күш-қуатқа ие. Архитектор ретінде біз қоғамға пайдасы бар, замануи технологиялардың ілгерілеуіне жол ашатын, экологиялық тазалықты қамтамасыз ететін қадам жасаймыз. 2017 жылы Астанада өтетін ЕХРО көрмесі ғимаратын жобалау кезінде жергілікті, өңірлік әрі ғаламдық әсеріне баса назар аудардық.
 
Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу