«Аптаның» әлқиссасы Мағжанның маржан өлеңімен өрілсін. «Тамаша Түркістандай жерде туған, түріктің Тәңірі берген несібі ғой» деген еді, ақ сұңқар ақын. Болашақты айна-қатесіз болжағандай өлең екен. Осы апта түгел түркінің тілегі орындалған апта болды. Жайшылықта қазаққа ана болған, жаугершілікте қазаққа пана болған жәдігер шаһар Түркістан өңір орталығына айналды. Оңтүстік Қазақстан облысы бұдан былай Түркістан облысы. Сейсенбі күні Президент Ақордада арнайы Жарлыққа қол қойды.
Түркістан – талассыз түркі жұртының орталығы. Бүкіл тарихи тұлғаларымыздың, қазақ көшін алға сүйреген ұлыларымыздың сүйегі сонда жатыр. Бұл онсыз да бұрыннан рухани астанамыз еді. Енді арнайы Жарлықпен айрықша мәртебеге ие болып отыр. Осыған орай, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына енгізілген өзгеріс туралы Мемлекет басшысы мұқым жұртқа Үндеуін жариялады.