Қытайдағы қамалып жатқан қандастарымыздың жан айқайы депутаттардың құлағына жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдағы қамалып жатқан қандастарымыздың жан айқайы депутаттардың құлағына жетті

22.04.2018

Арғы беттен «ата жұртым» деп келген ағайын көштен қалып қойған жақындарын көруге зар болып отыр. Қытайдағы қамалып жатқан қандастарымыздың жанайқайы депутаттардың құлағына жетті. Осы аптада олар Сырқы істер министрінің бірінші орынбасарын сұрақтың астына алып, қайрат-қарекетсіз қол қусырып қарап отыруға болмайтынын жеткізді. Ертеңіне бірінші вице-министр Мұхтар Тілеуберді Қытайдан бір-ақ шықты. Сол жерде қазақ диаспораларының мәселерін сөз етіпті. Кездесулердің нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді, дегенмен, қандастарымыздың тұтылып емес, қапас пен қорлықтан құтылып шығуын тілейміз. Жалпы, осы аптада Мәжілісте көші-қон мәселесі талқыға түсті. Елімізде жыл сайын 100 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылады екен. Заңсыз көші-қон, есірткі бизнесі, адам саудасы, халықаралық экстремизм және терроризммен жылғаласып кетуі мүмкін. Ал, отандық компаниялар шекарадан мигранттарға заңсыз өтуге көмектессе, оны қадағалайтын көші-қон қызметкерлері пейілді пенделікке жеңгізіп, жемқорлыққа белшесінен батып отыр.

Сөзіме дәлел, осыдан он күн бұрын Шымкентте 33,5 мың доллар пара алып жатқан жерінен облыстық Ішкі істер департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы ұсталды. Ол Ауғанстан тумаларына азаматтық сатпақ болған. Ішкі істер министрі 2014 жылдан бастап еңбек мигранттарына Қазақстан азаматтарының жеке шаруашылығына жұмыс істеуге рұқсат берілуі - заңсыз еңбек мигранттарын азайтуға көмектескенін айтады, тіпті қазынаға 10 млрд. теңгеден астам қаржы түсіпті. Сондай-ақ, Парламент өкілдері көші-қон саласында бақылаудың жетіспей тұрғанын да ашық айтты.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу