Президент Нұрсұлтан Назарбаев ОҚО жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ОҚО жұмыс сапарымен барды

24.04.2016
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ОҚО жұмыс сапарымен барды
Сапар барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысымен танысты.

Дұрыс игерсең көкнәр де дауа. Тек кәсіптің көзін тауып, тиімді игерсең – пайдасы көл-көсір. Тынышың қашып, мазаң кеткенде қалыпқа түсу үшін ішетін кез келген дәріден бес есе пайдалы екен.

Оңтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен барған Мемлекеттің басшысы Шымкенттегі дәрі-дәрмек шығаратын зауыттың басында тұрып осыны айтты. Содан соң «Химфармның» мамандарына көкнәрдің көмегімен дәрі жасап шығаруды тапсырды.

Әлемдік медицинада кеңінен қолданылып келе жатқан бұл шөптің Шу алқабында қаулап шығатынын білесіз. Оны заңсыз орып, жаман атты болғанша пайдаға жаратып, медициналық мүмкіндігін пайдаланған жөн екенін меңзеді Президент.

Шымкентке сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев облыстың тыныс-тірлігімен танысты. Арнайы экономикалық аймақты аралап, тоқыма өнеркәсібінің жұмысын өз көзімен көрді. Облыс басшысы Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысын баян етіп, Президентке есеп берді.

«Азала-Текстиль» зауыты. Нұрсұлтан Назарбаев алдымен тоқыма және тігін өнеркәсібіне барды. Ерекшелігі сол, зауыт шикізатты өңдеп, дайын өнім шығарады.

Тың технология, заманауи жабдық – кәсіпорын үшін табыстың кілті. Зауыттағы құрылғылар түгел Швейцария, Германия, Италия сынды елдерден жеткізілген. Материалдан қандай да бір ақау шықса, «ақылды» аппараттар жұмысын кілт тоқтатады.

Данияр Кішуаров, кептіру машинасының операторы:

Бұл арнайы кептірілетін машина, өнім маған таза күйінде келеді. Машинаға кірерде мен арнайы температурасы мен градусына қоямын, машина сол бағытта кептіріп шығады.

90-жылдары тұралап қалған тоқыма өндірісі бертінде қайта жанданды. Мемлекет жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға ерекше ден қойып, 2006 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын құрды. Мақсат – шикізатты өзімізде өңдеп, сапалы өнім шығарып, саланы дамыту.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Бұл Қазақстандағы жалғыз өңдеу-әрлеу өндірісі. Шитті мақта шикізат күйінде еніп, тұтынуға дайын өнім болып шығады. Жіпті иіруден бастап, матаны өңдеу, тігу, бояу, түрлі-түсті бедер жасау процестерінің барлығы осы жерде жасалады. Өнеркәсіп жылына 2 миллион шаршы метр мата мен 60 тонна түкті өнімдерді өндіреді.

Өнімге қажет шикізат – өзіміздікі. 100 пайыз. Кәсіпорын облыста өсірілетін мақтаның 35 пайызын өңдеп, эксклюзивті мата үлгілерін әзірлейді. Сүлгі, төсек-орын жабдықтары, халаттар және тоқыма өнімдерін шығарады.

Ұлболсын Оразбекова, тігінші:
Ауа өткізгіштігі, сапасы жақсы, суды жақсы сіңіреді. Бояуы шықпайды. Адам денсаулығына зиянсыз. Таза табиғи өнімдер.

Гүлайна Күлетова, дайын өнімдерді сұрыптаушы:
Бұл таза мақта. Бағасы – басқалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан.


Қазір отандық тауарлар Литва, Германия, Австрия, Түркия сынды елдердің нарығына шығады. Сұраныс бар. Былтыр мемлекеттің қолдауымен ісін ілгерілеткен кәсіпорынның ендігі мақсаты – экспорт аясын ұлғайтып, импортты түгел ығыстыру.

Бауыржан Жамалов, «AZALA TEXTILE» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:
Африкадан Ганадан ұсыныс келіп, өнімді сол жаққа жеткізу үшін қазір контракт жасап жатырмыз. Ресей, Беларусь және Еуропаға затымызды шығаруға әрекет жасап жатырмыз.

Зауыт енді мемлекеттік тапсырыстарды да орындамақ. Қорғаныс министрлігімен алдағы 5 жылға келісім жасап, әскери киімдер тігуге тапсырыс алған. Қазір өндірісте 500-ге жуық адам жұмыс істейді.

Бұған дейін өңірдегі мақта сыртқа кететін. Өңдеуден, сұрыптаудан өткен шикізат кері бізге сатылатын. Қымбат бағаға. Қазір олай емес. Дайын өнімді өзіміз шығарамыз. Себебі, мемлекеттің бүгінгі беталысы өңдеу өндірістерін өркендетіп, шикізатқа тәуелділіктен арылу.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Арман сол. Өзіміздің мақтаны 200 мың тонна, оның тек 40 мыңын ғана өңдеп жатырмыз. Басқасы кетіп жатыр. Мынау үлкейе берсе, Қазақстанның сырттан әкелетін барлық заттарын жасайтын боламыз.

Дағдарысқа қарамастан, елде жұмыс орындары қысқармай, жаңалары ашылып жатыр. Осыны айтқан жас мамандар Президенттің индустриялды-инновациялық саясатының нәтижесінде техникалық мамандықтарды игеруге жол ашылғанын айтып, алғыстарын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл орта кәсіпкерлік. Біз орта және шағын бизнесті дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Осындай шағын кәсіпорындар көп болса, жұмыс орындары да көптеп ашылады.

Бұдан соң, Мемлекет басшысы тарихы ғасырдан асқан дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» компаниясына барды. Кезінде аты дүркіреп, абыройы асқақтаған компания, бүгінде ұлттық фармацевтиканың көшбасшысы.

Жаңғыртудан өтті, GMP стандартын алды. Польшаның қалталылары өндіріске 100 миллион доллар инвестиция құйған. Нәтижесінде, елде отандық дәрі-дәрмек өндірудің көлемі артып, сапа жақсарды.

Ижи Урбанец, «Химфарм» АҚ бас директоры:
Біздің зауыт өнімдерінің 30 пайызы мемлекеттік тапсырыспен өндіріледі. «Химфарм» Қазақстан нарығында көшбасшы кәсіпорын. Бағасы қолжетімді дәрінің тұтынушылары да көп. Нарықтағы препараттардың жартысы импорт болса, қалған жартысы біздің өнімдер.

Таяуда алып өндіріс орнында ампулалық-инфузиялық цех іске қосылды. Мұнда қанды алмастыратын ерекше ерітінділер шығарылады. Яғни, күрделі ота кезінде көп қан жоғалтқан науқасқа, осы сұйықтық құйылады. Орталық Азияда оның баламасы жоқ.

Жоба құны – 40 миллион доллар. Зауыт жалпы жылына 1 миллиардтан астам дәрі-дәрмек, 300 миллион ампула, 40 миллион дана антибиотик, 26 миллион құты шырын өндіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең бастысы – дәрінің сапасы. Біз науқастарды емдейміз, солай емес пе? Кей кезде қазақстандық препараттар дертке шипа болмай, ел батыстың дәрі-дәрмегін сатып алады деп айтып жатады. Сол рас па?

Отандық дәрі-дәрмек өндірісінің жұмысын арттырып, нарықтағы үлесті 50 пайызға жеткізу – Президенттің пәрмені. Өйткені, елдегі препараттардың дені өзгенікі. Бағасы қалта теседі. Ал, «Химфарм» межені орындады. Елдегі тегін медициналық көмек аясында қазақстандықтарға үлестірілетін дәрілердің үштен бірі осы компанияға тиесілі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Зауыт отандық дәрі-дәрмектің 50 пайызын өндіріп отыр. Бірақ, негізгі тұтынылатын дәрілер – импорт. Құны 1 миллиард долларға жуықтайды. Сондықтан, Сіздерге бизнестің ауқымын кеңейту керек. Өзіміздің өнім арқылы импортты ығыстыру керек.

Былтыр «Химфарм» 1,3 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегін Орталық Азия елдеріне экспорттаған. Ендігі мақсаты – Еуропа нарығын жаулау.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұрын дәріге қажетті өсімдікті арнайы өсіріліп жиналатын. Қазір бұл әдіс жоғалды. Көбі органикалық заттарға жүгіреді. Қазір табиғи шөптерден жасалған дәрі-дәрмек кеңінен таралап, тұтынушылары да көбейген. Сіздер де осы бағытта ізденіп, жұмыс істеңіздер.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақ даласында қажетсіз қаулап өсіп жатқан қарасораны кәдеге жаратуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір батыс елдері медицинада конопляның қолдана бастады. Шыны керек, ол өсімдіктен анаша өндіреді, сондықтан тыйым салынды. Қазір, бұл шөп ең тиімді дәріге айналып отыр. Осы саланы зерттеп, маған ұсыныс әкеліңіз. Жамбыл облысында миллион гектар жерде өседі. Біз онымен не істерімізді білмейміз.

Ұлттық қауіпсіздік шарты бойынша, отандық дәрі-дәрмектің нарықтағы үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Сондықтан, Қазақстан нарығындағы көшбасшы компания отандық препараттардың көлемін арттырып қана қоймай, жаңа препараттар ойлап шығаруға мүдделі.

Ал, сапалы препарат – елдің ұлттық биологиялық қауіпсіздігінің кепілі. Тек, дені сау ұлт қана Президент межелеген әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кірмек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу