Астанада теңге ілуден тұңғыш рет Азия чемпионаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада теңге ілуден тұңғыш рет Азия чемпионаты өтті

30.08.2015
Астанада теңге ілуден тұңғыш рет Азия чемпионаты өтті

Жалпы, осы апта ел спорты үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Атап айтсақ, жаңа ғана Астанадағы «Алау» спорт кешенінде дзюдодан Әлем чемпионаты аяқталды.

Байрақты бәсекеде 60 келі салмақта Елдос Сметов «алтын» алса, осы салмақтағы «күмісті» Рустам Ыбыраев еншілеп, командалық есепте ел құрамасы 4-орынға тұрақтады.

Сондай-ақ, апта басында өскемендік Ольга Рыпакова жеңіл атлетикадан Қытай астанасында өтіп жатқан жарыста үш қарғып секіруден қол медальге ие болды.

Ал бүгін Астанада төл өнеріміз теңге ілуден тұңғыш рет Азия чемпионаты өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған бәсекеге 10 мемлекеттің  Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғыз елі мен Түркия, Венгрия және Әзірбайжан республикаларының менмін деген мықтылары қатысты.

«Қазанат» ипподромында өткен доданы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырды.

Теңге ілу - халқымыздың көнеден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Тартысқа толы болған сайыста өзінің ерекше ептілігімен көзге түскен оңтүстікқазақстандық Ғалымжан Ізжанов бас бәйгені қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, атшабарда асау үйретуден бірінші рет республикалық турнир өтті. Асау үйрету - тақымы берік, жылқы түлігінің сырын толық меңгерген, әрі тулаған асаудың мөңкуіне өзін тез бейімдей алатын әбжіл, жүректі жігіттердің сайысы. Бұл бәсекеде Жеңісбек Серікұлы топ жарды.

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Ат үсті ойындары біз үшін өте маңызды. Мынау болып жатқан дүниелердің барлығы - ол Ұлы даланың ойындары, ол ұлы даланың салтанаты, ұлы даланың кереметі. 

Қаншама елшіліктердің адамы келіп,  тамашалап жатыр, қызықтап жатыр. Неге Қазақстан осының бәрінің тізгініне ие болып отыр? Себебі, бізде тыныштық, саяси тұрақтылық, мемлекет тарапынан арнайы қамқорлық бар. Өйткені, арнайы спорт мектептері бар, спорт клубтары бар. 

Рустам   БАЙДӘУЛЕТ

Хабарламаларға жазылу