Жамбыл облысының әкімі дзюдодан Әлем чемпионы Елдос Сметовқа пәтер кілтін табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының әкімі дзюдодан Әлем чемпионы Елдос Сметовқа пәтер кілтін табыстады

02.09.2015
Жамбыл облысының әкімі дзюдодан Әлем чемпионы Елдос Сметовқа пәтер кілтін табыстады

Елдос Сметов жақында Астанада дзюдодан өткен Әлем чемпионатында алтын медальды иеленді. 22 жастағы спортшы 60 келіге дейінгі спортшылар арасында үздік атанды. Өткен жылы Инчхондағы Азия ойындарында жерлесіміз Елдос Сметов өз салмағында үздік атанған.

Облыс әкімі дзюдошыға жаңа пәтер кілтін, сонымен қатар оның алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұловқа және Қазақстанның Ұлттық құрамасындағы бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке 1млн 200 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табыстады.

Кездесу соңында Кәрім Көкрекбаев спортшыны жетістігімен құттықтап, әлемдік аренада жеңістер мен зор денсаулық тіледі.

Еске салсақ, осы жылы тұңғыш рет Қазақстанның астанасында 24-30 тамыз аралығында дзюдодан Әлем чемпионаты өтті. Бұл жарысқа әлемнің 137 мемлекетінен 823 спортшы қатысты, осы бәсекеде дзюдошы Елдос Сметов 60 келіге дейінгі спортшылар арасында топ жарып, алтын медальды қанжығасына байлады.

Хабарламаларға жазылу