«100 қадам» - болашаққа құрылған жүйелі жоспар. Мемлекеттің мәртебесін еселейтін жол. Озық 30 елдің қатарына жетелейтін бастама. Жаһандық тұрақсыздық пен ішкі-сыртқы сын-қатерлерден сүрінбей өтудің бағыт-бағдары. Оны жүзеге асыру ел дамуын одан әрі қарышты етері сөзсіз.
Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасы қазіргі таңда халық арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Онда мемлекеттік қызметтен тартып, әлеуметтік-экономикалық сектордың барлық салалары кеңнен қамтылған. Әр салада қызмет істейтін мамандар пікір осыған саяды.
Батыстағы ағайын ел дамуының жүйелі «100 қадамымен» танысып қана қоймай, нақты істерді бастап та кеткен. Баянды іске бірлік болса жетеміз. Сондықтан, ұлттар арасындағы ынтымақ пен бірлікті ұйыту әркімнің азаматтық борышы, дейді.
Амангүл Жайылханова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:
Қазақстанның ауызбіршілігі жөніндегі жұмыстарды одан әрі жақсарту және осы бағытта жұмыс істеуге тапсырма берілді. 100 қадам арқылы Қазақстан халқының жан-жақты дамуына үлкен жолдар ашылмақшы.
4-ші реформадағы берілген бағыттар Қазақстанның «Мәңгілік ел» жобасын жүзеге асыру арқылы Қазақстанның ауызбіршілігін, біртектілігін нығайту.
Ел ертеңін жарқын етер «100 қадамды» жүзеге асыруға Сыр тұрғындары да мүдделі. Бұл бір кісінің күші жететін іс емес, ұлт жоспарын орындауда жас пен жасамыс қызметтеріне қарамай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса», абзал.
Бақыт Есмағамбетов, облыстық медициналық қызметке ақы төлеу орталығының директоры:
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы тапсырмасы бойынша елімізде міндетті сақтандыру жүйесі кіргізілуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы басты мәселе, қоғамымыздағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікті мемлекет бірінші жағынан, екінші жағынан жұмыс беруші, үшінші жағынан әрбір қоғамның мүшесі еліміздің азаматтары бірдей бөлісуі керек.
Шығыстағы ақ халатты жандар бұл жоспар медициналық қызметтің сапасын жаңа сатыға көтереді, дейді. Себебі, «100 қадам» жоспарында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге басымдық беріліп отыр.
Гайдар Жақсылықов, Тарбағатай аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
Тегін медициналық көмек шеңберінде көмек алуына қолжетімділік, екінші жекеменшік медицинаны дамыту. Бұл да қолжетімділік, бәсекелестіктің, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Біз Елбасының нақты қадамдарын қолдаймыз.
Елбасы ұсынған 5 белесті реформаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» барлық саланы қамтиды. Жоспарда туристік кластерді құруда тәжірибелі стратегиялық инвесторлар тарту арқылы бұл саланы жаңа деңгейге шығару жөнінде мақсат қойды. Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі туризмнің әлеуеті биіктерді еңсеруге жетеді.
Шаһарбек Төлегенов, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, туризм кафедрасының меңгерушісі:
Біздің Ақмола облысында ұлттық қорықтар бар. Мінекей, осы салаларды шетелдік инвестициялар тарту немесе ішкі мүмкіншіліктерімізді пайдаланып дамытуға біздің үлкен мүмкіншіліктеріміз бар.
Мемлекеттік қызмет-абыройлы міндет. Президент мемлекеттік қызметкердің жаңа имиджін қалыптастыруды жүктеді. Бұдан былай шенеунік елдің шекесінен қарамай, өз ісіне жауапкершілікпен қарап ыждағатты болғаны жөн. Әрі олар халық алдында есеп береді де, еңбегі сол арқылы еленетін болады.
Мұхтар Жолжанов, Алматы облысының Құрметті азаматы:
Қабілеті бар, білімі бар, халыққа жаны ашитын нақты патриоттар жұмыс істеп, нақты маман жұмыс істеп алдыға қойған мақсатты орындайды. Ал, оны орындаған адам нақты өзінің төлемақысын алу деген бұл өте дұрыс.
Президент ұсынған «100 нақты қадам» қоғам назарында. Енді тек, сөз бен іс бір арнаға тоғысса игі. Пайымды пікір білдірген көпшіліктің айтары осы.
Айбек ҚОБДАБАЙ